- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балалар отырған көлік...
Балалар отырған көлік апаты: спорт мектебінің директорына қатысты іс қозғалды
Ақтөбе облысында болған жол апатының мән-жайы анықталды. Бұл туралы Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Байжанов облыс әкімдігінде өткен брифингте айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша адамның абайсызда өліміне және ауыр дене жарақаттар алуына әкеп соқтырған жол-қозғалысы ережесін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Ғалым Байжанов. - Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзды, ол қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін жылдамдықпен жүруі керек еді, ал салондағы орындардың санын шамадан тыс асырған. Көлік жүргізу кезінде ол шаршаған күйде болды. Сол күні жүргізуші Алға ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ Алға ауданының ІІБ БЖСМ басшысына қатысты кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелген адамның әрекеттеріндегі немқұрайдылық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Балаларды алып жүретін көлік БЖСМ директорының орынбасарына тиесілі, ол да осы машинаның жүргізушісі. Балалар тасымалын ұйымдастыру міндеті БЖСМ басшылығына жүктелген.
"Қазір біз барлық мән-жайды, кім және қандай шешімдер қабылдағанын анықтап жатырмыз. Жолаушыларды, соның ішінде балаларды тасымалдау тәртібін реттейтін бұйрық бар. Көлік құралына, тасымалдау тәртібіне, жүргізуші мен тапсырыс берушіге қойылатын талаптар бар. Мысалы, балаларды тасымалдау үшін жүргізушінің кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек, ол 25 жастан асқан болуы керек. Оның тұрақты емес жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға рұқсаты болуы керек. Екі кіреберісі бар автобус болуы керек, балаларды тасымалдау кезінде полицияның сүйемелдеуі болуы керек. Жоспарланған сапар туралы әкімшілік полицияға үш күннен кешіктірмей ескерту керек", - дейді Байжанов.
ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айдос Құлжанов орта білім беретін оқу орындарында 118 автобус бар екенін айтты. Автобус болмаған жағдайда балаларды тасымалдауға жауапты адамдар әкімдікке өтінім беріп, сүйемелдеуді ұйымдастыруы тиіс.
Сондай-ақ, болған оқиғаға қатысты спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров та түсініктеме берді.
"Балаларды алып келген волейболдан жарыстар спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Турнир жыл сайын өтеді. Бұл облыс кубогы 10 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Балаларды жеткізуге директор тікелей жауап береді, бізде балаларды жеткізудің үш әдісі бар, олар теміржол көлігі, рейс автобустары, ал егер осы екеуі сәйкес келмесе, онда жеке көлік немесе мемлекеттік көлік жалданады. БЖСМ-де бізде көлік бар, бірақ барлық мектепте емес. Автобус жоқ жерде балаларды білім бөлімімен жеткізу мәселесін пысықтаймыз. Қазір біз болған жағдайда әркімнің жауапкершілігін анықтайтын қызметтік тергеу жүргізіп жатырмыз", - дейді Гончаров.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, Ақтөбе облысында жол апаты 17 желтоқсанда Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолының 68-шақырымында болған. Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны жүргізген Toyota Estima автокөлігі аударылып кеткен. Полиция мәліметінше, бір бала қайтыс болған. Кейінірек, басқа балалардың жағдайы айтылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Құлтай