Қаңтар оқиғасы: Қанша? Неге? Қалай? Өзекті сұрақтарға жауап

Қаңтар оқиғасы: Қанша? Неге? Қалай? Өзекті сұрақтарға жауап
Фото: © Руслан Пряников / AFP / East News

Биыл 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан еді. Ал кейін басқа да өңірлерде бейбіт шерулер болып, арты "қанды қаңтарға" ұласты. Жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде қанша ғимарат қирады? Қанша кәсіп өз жұмысын тоқтатты? Қанша қару жоғалды? Қанша көлік зақымданды? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді. 

"20 мың террорист" қайдан шықты?

7 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-парақшасында қаңтар оқиғасына шамамен 20 мың террорист қатысқаны туралы жазба жариялаған еді. Мемлекет басшысы кейін бұл жазбасын өшіріп, тіпті жарияланған ақпаратқа пікір білдірді.

"20 мыңға келсек, бұл көрсеткішті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары келтірген, бұл бүкіл елге қатысты. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды", - деді Президент.

REUTERS/Pavel Mikheyev 

"566,7 миллион ​​теңге"

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, шағын және орта бизнес субъектілеріне, сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде көліктері зақымданған немесе қираған қала тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазандағы дерек бойынша, жалпы Көлік иелерінен шығынды өтеу туралы 143 арыз түскен. 

"Облыс әкімдіктері аудандарға автокөлік иелерінен келтірілген шығынды өтеу туралы 143 өтініш түсті. Жеке тұлғаларға келтірілген залалды өтеудің жалпы сомасы - 566,7 миллион ​​теңге, - деді әкімдік өкілдері.

Ведомство мәліметінше, өтініштер түскен күннен бастап, бір ай ішінде қаралған. Мүлікке келтірілген залалды бағалау арыз тіркелген күннен бастап, 7 күн ішінде тағайындалды, оны жәбірленуші таңдаған тәуелсіз сарапшылар жүргізді. 

165 қызметтік көлік зақымданды

Полиция департаментінің мәліметінше, жаппай тәртіпсіздік салдарынан 165 қызметтік көлік зақымданған, оның 53-і өртенген.

Polisia.kz

Зақымданған көліктердің ішінде 64-ін қалпына келтіру мүмкін емес. Жаппай тәртіпсіздік пен қарулы шабуылдан келген залал бойынша:

  • 5 фронт-офис өртенді,
  • 19 модуль және 13 экология бекеті зақымданып, өртенді.

Қанша нысан зардап шекті?

Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов қайғылы қаңтар оқиғасын тергеу барысында тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен нысандар саны 1 573-ке жеткенін айтты.

"Ең көп зардап шеккен - бизнес нысандары, олардың саны 1 502-ге жетті. Басым бөлігі дүкендер, ломбардтар, жанармай құю станциялары мен қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ, аңшылыққа арналған дүкендер толық тоналған", - деді Санжар Әділов.

Ақпандағы мәлімет бойынша, келтірілген шығынның жалпы көлемі 92 миллиард теңгеден асқан.

Tengrinews.kz/Әлихан Сәриев

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, еліміздің 11 өңірінде 1885 нысанда орналасқан 1615 зардап шеккен кәсіп анықталды, оның ішінде Алматы қаласында 1506 кәсіп 1771 нысанда орналасқан.

Зардап шеккен кәсіпкерлік салалар: сауда - 1482; қоғамдық тамақтану - 44; қаржы секторы - 61; логистика - 23; БАҚ - 5.

Қаңтар оқиғасы кезінде құқық бұзушылар 10 аңшылыққа арналған дүкен тонаған.

Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген әкімдік ғимаратын жөндеуге 6 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан ұлттық телеарнасының ғимараты, әкімдік, прокуратура, полиция департаменті сияқты ірі-ірі нысандар толық бүлінген еді. Қазір қалада 9 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

2026 қару қайда екені белгісіз

Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде қару қоймалары мен құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарынан 2900-ден аса қару-жарақ пен 63180-ден аса оқ-дәрі ұрланған. Ұрланғандардың ішінде 35 гранатомет, 8 пулемет, 268 автомат, 17 мылтық, 594 тапанша, 98 арнайы мылтық және 239 травматикалық тапанша бар. 

Қарашадағы мәлімет бойынша, полиция қызметкерлері 10 айда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 934 қаруды анықтап, тәркілеген. Оның 512-сі табель, 415-і азаматтық қару.

Дегенмен, қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2026 қарудың қайда екені белгісіз.

1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалады

25 қаңтардағы мәлімет бойынша,

  • сотта 9257 әкімшілік іс қаралды; 
  • 4584 адамға сот ескерту жасалды;
  • прокурорлардың ұсынысы бойынша 1149 адам қамаудан босатылды;
  • 577 айыппұл ескертуге ауыстырылды;
  • 393 әкімшілік іс құрамының болмауына байланысты қысқартылды;
  • сот шешімімен әкімшілік қамауға 3314 адам алынды;
  • тергеу-жедел топтардың өндірісінде 2044 қылмыстық іс бойынша 898 күдікті қамауға алынды;
  • күдіктілерарасында 802 адам сот шешімімен қамалды,
  • 50-і үйқамаққа алынды,
  • 21-і кепілге, 12-сі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазған.

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, 183 адам қару-жарақ ұрлады деп күдікке ілінген. Олардың 11-і қамалған, тағы 154 адам сотталған. Оның ішінде 27-сі бас бостандығынан айырылған. 

Қарашада қаңтар оқиғасына қатысқан 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды.

Алматы жағдайы

Үкіметтің кеңейтілген отырысы кулуарында Алматы әкімі Ерболат Досаев әкімдік ғимаратын жөндеуге 12 миллиард теңге қажет екенін айтты. 

Әкім зардап шеккен 1640 кәсіпорынға 16,2 миллиард теңге көлемінде өтемақы төленсе, оның 95 пайызы 1 маусымға дейін төлем алғанын айтты.

Валерий Шарифулин / ТАСС

Қаза тапқандар мен жарақат алғандар

Тамызда қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда қаза тапқан 238 адамның тізімі жарияланды. 

Ал 15 қаңтардағы мәлімет бойынша:

  • 225 адам қаза тапты, оның ішінде 19 полиция қызметкері мен әскери бар;
  • олардың 175-і медициналық ұйымдарға жеткізілгеннен кейін қаза болған;
  • 265 адам ауруханаға жатқызылған;
  • 4553 адам жарақат алған, оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкері.

Сондай-ақ, қаза тапқан 91 адамның отбасына "Қазақстан халқына" қорынан 637 миллион теңге бөлінді. Ал зардап шеккен 8 азаматқа жалпы сомасы 24 миллион теңге төленді.

ҰҚШҰ

6 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мемлекеттерінен көмек сұраған еді. Сол күні ҰҚШҰ төрағасы Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға әскер жіберетінін айтты.

ҰҚШҰ елдерінен барлығы 2030 сарбаз, 250 техника Қазақстанға жетті. Ресей, Армения, Беларусь, Қырғыстан және Тәжікстан әскерлері () маңызды нысандарды күзету жұмысына кірісті.

Қазақстандағы ҰҚШҰ әскерінің құрамы:

  • Ресейден 1480 сарбаз;
  • Тәжікстаннан 200 сарбаз;
  • Қырғызстаннан 150 сарбаз;
  • Беларусьтен 100 сарбаз;
  • Армениядан 100 сарбаз.

odkb-csto.org

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек