"Менің жоғымды білдірмеңдер, өтініш". Биыл қаза болған сарбаздардың жұмбаққа толы өлімі

"Менің жоғымды білдірмеңдер, өтініш". Биыл қаза болған сарбаздардың жұмбаққа толы өлімі

Бейбіт заманда Қазақстан сарбаздарынан биыл да айырылып қалды. Олардың көбі жұмбақ өлім. Себебі суицид жасаған сарбаздар бар. Қаңтар оқиғасы кезінде де бірнеше әскери қаза тапты. Massaget.kz тілшісі биыл қаза болған сарбаздарды еске алады. 

2 наурызда әскери қызметші, қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердішов із-түссіз жоғалып кеткен еді. ҰҚК іздеу жариялады. Ұлықбек 19 жаста еді. Сарбаздың денесі 10 сәуірде Қырғызстандағы таудан табылды. Ұлықбек өзінің белдігіне асылып қалған. Ол Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы еді. Анасы ұлының суицид жасағанына сенбеді. Анасының сөзінше, ұлы телефонмен сөйлескенде "әлі талай нәрсені айтуы керегін" жеткізген. Ол ұлы жоғалып кеткенін естіп, әскери бөлімге барғанда басшылық та, қатардағы өзге жауынгерлер де өзін біртүрлі ұстаған: ол әйелмен сөйлесуден қашқақтаған, ал басшылық оның қоңырауларына жауап бермеген. 

22 сәуірде Қордайда әскерге шақырылған сарбаз Әлібек Қалбай бірнеше күннен соң қайтыс болды.  Оқиға Жамбыл облысы Қордайда болған. Қорғаныс министрігінің мәліметінше, мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Әлібек Қалбай Гвардейский кентіндегі қалалық типтегі әскери ауруханада қайтыс болған. Министрлік өкілдері сарбаз таңертең сапқа тұру кезінде талып қалғанын айтты. Әлібекке қажет медициналық көмек көрсетілген. Бірақ ол есін жимастан қайтыс болған. 

Артынша бұл істі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бақылауына алып, шынайы себебін анықтауды тапсырды. Сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Нәтижесінде 3 мамырда күдікті ұсталды. 


Фото: Inaktau.kz

4 маусымда тағы бір сарбаз өлі табылды. 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаев Маңғыстау облысында қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, ол асылып қалған - мойнында екі белдік болған. Сарбаз қайтыс болар алдында үйіндегілерге хабарласып, 5000 теңге жіберуін сұраған. Артынша Lada.kz басылымы сарбаз блокнотына жазып кеткен сөзін жариялады. Онда Еділ анасына, әкесі мен бауырларына хат жазған.  

"Менің жоғымды білдірмеңдер өтініш. Анамды ренжітпей, жақсылап қараңдаршы. Ағай екеуің бақытты болыңдар. (...) Өтініш, мені бауырым Даниярға жақын жерлеңдер", - деп хат жазған еді сарбаз. 


Lada.kz

30 шілдеде екі бірдей сарбаз өлі табылды: екеуі де асылып суицид жасаған. Бірінші оқиға Степногорскте болған. 29 шілдеде шамамен сағат 21:00-де мерзімді қызметтің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Оразбай кезекшіден дәретханаға шығып келуді сұраған. Бірнеше уақыттан кейін автопарктің қоймасынан асылып қалған күйінде табылды. Ол Жетісу облысына 2021 жылдың күзінде шақыртылған. 

Екінші жағдай 30 шілдеде 03.30-да болған. Марқұм арнайы комендатураның қарауыл басшысы аға сержант Абылай Мерғалиев 1990 жылы туған, үйленген, қызы болған. Ұлттық ұланда 2015 жылдан бері қызмет еткен. Оның денесін әйелі тауып алған. Әскери қызметкер үйінің дәретханасында өлі күйінде табылған. 

9 тамызда тағы бір қайғылы оқиға болды. 5571 әскери бөлімінің әскерге шақырылған сарбазы Алматы облысында қатты боран кезінде қаза тапты. Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, бірінші жедел батальонның жеке құрамы 8-13 тамыз аралығында Жетігендегі 5574 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығында жаттығуы керек еді.

9 тамызда сағат 20:55 шамасында дауыл, жел болып, шатырлы қалашықты ұшыра бастады. Қатардағы жауынгер Шахимов әріптестерін қауіпсіз жерге көшіруге көмектесіп, соңынан шығып келе жатқанда, шатырдың темір жақтауы құлап, басынан соққы алды.

Қаңтар оқиғасы кезінде 19 полицей мен әскери қаза тапқан. Қайтыс болған сарбаздардың есімі Президенттің әскерилерді марапаттау тізімінде жарияланған. 

Айта кетейік, Qanay лақапатымен танымал әнші Нұрболат Қанай әскерге кетіп оралмаған сарбаздарға ән арнаған болатын. Ол қазақстандық әнші-композитор Ескендір Хaсaнғaлиевтің "Бозторғайым" әнін қайта жаңғыртып, видео түсірді. Ән фонында әскерге кетіп, бірнеше күннен соң қайтыс болған маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай туралы жаңалықтар көрсетіледі. Qanay-дың орындауындағы "Бозторғайым" жұрттың жүрегін елжіретті.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина