- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда бір жылда...
Қазақстанда бір жылда баспана 26,9 пайызға, ал жалға алу 48,6 пайызға қымбаттаған
Қазақстанда бір жылда баспана да, жалға берілетін пәтерлер де қымбаттаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір жылда (2022 жылғы қараша 2021 жылғы қарашаға) пәтерлерді қайта сату бағалары 26,9 пайызға, жаңа тұрғын үйлерді сату 17,3 пайызға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі былтыр тиісті аймен салыстырғанда биылғы қарашада 48,6 пайызға артты.
Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер бағасы Ақтөбе - 30,3 пайыз, Семей - 26,9 пайыз, Ақтауда 25 пайызға қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығы саудасындағы баға өсімі бойынша тізімді - Талдықорған (44,6 пайыз), Ақтау (43,3 пайыз), Семей (42,8 пайыз), Ақтөбе (42,4 пайыз), Астана (41,7 пайыз), Қызылорда қалалары бастап тұр (41,2 пайыз), ал тұрғын үйді жалға алу нарығындағы қымбаттау Алматы (76,6 пайыз), Қарағанды (55,7 пайыз), Қостанай қалаларында (54,5 пайыз).
Бір айдың ішінде (2022 жылғы қараша 2022 жылғы қазанға) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы - 1 пайызға, жаңа тұрғын үйді сату 1,2 пайызға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда қарашада 2,4 пайызға төмендеді.
"ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпаратты біз сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жинаймыз, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер Желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады", - дейді ҚР Ұлттық статистика бюросының баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек