"Жезөкше". Жұлдыздар Желідегі қандай пікірлер үшін ашуланды?

"Жезөкше". Жұлдыздар Желідегі қандай пікірлер үшін ашуланды?
Фото: Instagram

Қазір кез келген шоу-бизнес өкілінің Instagram мен TikTok желілерінде парақшалары бар. Алайда Желі қолданушылары танымал адамдардың суреттері мен жазбаларына қатысты түрлі пікір жазып жатады. Оның ішінде өнер адамдары мен блогерлердің шамына тиіп, ісі сотқа дейін жеткен Желі қолданушылары да бар. Massaget.kz тілшісі оқырмандарымен арада келеңсіз жағдай болған қандай танымал адамдар барына шолу жасады.

"Ажырастың ғой, орамалыңды шеш"

Әнші Мөлдір Әуелбекова Желідегі оқырманын сотқа берген еді. Бұл туралы Мөлдір Әуелбекова Instagram-парақшасында мәлімдеген болатын. Оқырман әншінің жазбасына жеке басты қорлайтын сөздер жазып, пікір қалдырған.

"Сізді ресми түрде сотқа бергенім жайлы хабарлаймын! Әр сөзіңіз үшін жауап бересіз! Парақшаңызды өшіріп атын ауыстырып немесе маған шығып кешірім сұраудың қажеті жоқ. Бұл жолы соңына дейін апарамын. Шеттен шықтыңыздар! Шыдамның да шегі бар!" - деп жазған еді Мөлдір Әуелбекова.

Желі қолданушылары да әншіні қолдап, түрлі пікір жазған еді.

"Масқара, не деген көргенсіз, тексіз ба өзі қалай?!", "Іріген ауыздан шіріген сөз шығады. Дұрыс сөзіне жауап берсін", "Дұрыс, соттау керек", "Қазақтар "қойш" деп, кешіре салады. Осылай сот арқылы шешкен дұрыс! Сол кезде халық мәдениеттілікке үйренетін шығар", - деп жазған әншінің оқырмандары.

Алайда кейінірек әнші оқырманын кешіргені белгілі болды. Ол өнер адамы болған соң өзіне айтылатын түрлі сөзге "қойшы, қойшы" деп, "қойшыға" салып келе жатқанына 18 жыл болғанын айтқан еді. 

"Бұл жолы басқаша болсын деп шештім. Себебі пікір білдіруші Рита ханым менің жеке басымнан бөлек көпшілікке топырақ шашып отыр. Есесіне, мен сотқа беріп, адвокатқа жүгінгенімді білесіздер. Процесс басталып кеткен. Енді, жауабы ол әйел үшін тым ауыр болатынын естіп, көп ойландым. Күнәсін білеміз, ал тәубесін білуші Алла ғана ғой. Кешірім сұрады...

Мүмкін, шынымен, тәубесіне келген шығар?!? Тілге тиек деген бар. Ауыздан сөз шығармас бұрын ойланған абзал. Қыз өсіріп отырсыз! Дәл сол өсіріп отырған қызыңызға немесе немереңізге менікіндей тағдыр жазылмасына кепілдігіңіз жоқ! Адамның емес Алланың жазасы ауыр болады! Сәл ойланып сөйлейік!" - деді әнші.

Мөлдір Әуелбекова "Жаратушымыз мұсылмандарға бір-біріне үш күннен артық ренжіспеуді бұйырды" дей келе, қазақтың "жақсы адамның ашуы - шәйі орамал кепкенше" деген сөзін еске салып, ашуы қайтқанын айтқан болатын. 

"Рита ханымды мен кештім! Сіз кешіңіз! Алла кешсін!" - деді ол.

Әншіге келген пікірлер легі мұнымен бітпейді екен. Бұған қатысты өзі де оқырмандарына жауап берген болатын.

"Жыр болған тақырыпқа нүкте қояйықшы. Жекеме "Ажырастың ғой, енді шашыңды жайып орамалыңды шешсең жақсы болар еді, әлі жассың, қартайғанда киіп үлгересің!" деген сыңайлы хаттар тоқтаусыз әлі келіп жатыр... Түсінемін, ұнатпай жатқандар бар!( бәріне топырақ шашпаймын). Құрметтілерім, мен орамалды біреу үшін кимедім ғой! Мен Алла разылығы үшін кидім емес пе?! Орамалға келуім де ұзақ болды, 5 жыл ниеттеніп жүріп кидім. Алдыңғы посттың бірінде жазғанмын, мүмкін оқымағандарыңыз бар шығар... 99 күнә тілден деген бар. Тілден күнә жинамаңыздаршы!" - деп жазған ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Moldir Auyelbekova (@moldir.auyelbekova)

Әншінің өкіліне хабарласқанымызда бұл іс жабылғанын айтты. Оның сөзінше, бұдан кейін ондай оқиға болмаған.

"Жабылды. Ешқандай іс қозғалған жоқ. Бәрі дұрыс", - дейді әншінің өкілі.

"Күйеуіңіз ең алғашқы ер азамат па?"

alashainasy.kz мәліметінше, Айдана Меденова да оқырмандарынан орынсыз сұрақ қоймауын өтінген.

"Күйеуіңіз сіз кездескен ең алғашқа ер азамат па?" - деп сұраған Желі қолданушысы.

Әнші оқырмандарынан өзіне дұрыс сұрақтар қоюын өтінген.

"Есі дұрыс емес. Сізді сондай сұрақтар мазалай ма? Тағы да осындай оқырмандар бар ма? Желідегі оқырмандарымнан дұрыс сұрақ қоюын сұраймын", - деп жазды әнші. 

"Күйеуінің арқасында жүр"

SuperStar kz байқауы арқылы өнерге қадам басқан әнші Динара Сұлтанға қатысты айтылатын сынның бірі - күйеуі туралы.

"Әйел - отбасының ұйытқысы дейді. Маған көбі "кімсіз?", "Динара Сұлтан деген кім өзі? Бір әні жоқ, бір хиты жоқ. Күйеуінің арқасында тек шәлтеңдеп жүр" деп жазатындар көп. Әрине, мен үшін жолдасым көп нәрсе жасайды, мен оған әбден лайықтымын деп ойлаймын. Демек, осы дүниенің бәрін жасаған күйеу әйеліне сенімді дегенді білдіреді. Сенім артқан жарым барына сансыз шүкіршілік етем. Әйел билеген шаңырақта береке болмайды. Келіншектер, нәзік, ақылды болайық, жарымызды тек төрге отырғызайық. Сонда ғана жанұяда гармония болады", - деп үн қатқан ол оқырмандарына.

Алайда әншінің өкілі ушыққан мәселе болмағанын айтады. 

"Өзі байқаған нәрселерін жазған", - дейді Динара Сұлтанның өкілі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dinara Sultan (@dinara_sultan1)

"Қуып, күліп жүрмей балалы болуды ойла"

Елдос Калабок лақапатымен танымал блогер әрі әзілкеш Елдос Қадірханов Желіде өзіне келетін хаттардың бірі балаға қатысты екенін айтты.

"Проблемасы жоқ адам сияқты фотоға өлтіріп тұрып түсеміз ғой. Негізі Алланың берген "сынағы" тірі жүрген адамның бәрінде бар. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Біреуге пәтер керек, біреуге жер үй керек, біреуге ақша керек, біреуге қымбат көлік, біреуге жақсы жұмыс керек, біреуге денсаулық керек, жақсы дос бауыр керек, ал бізге бала керек. Бірақ "баласы жоқ адам күліп ойнап өмір сүруге болмайды" деп бір жерде жазылған ба??? Баласы жоқ адам бақытты болуға құқығы жоқ па? Баласы жоқ адамға жұмыс істеп ақша тауып қыдырып жүруге болмай ма?" - деген ол.

Әзілкештің сөзінше, отау құрғандарына 6 жыл болған.

Маған күніне баласы бардан да баласы жоқтан да мыңдаған хабарлама келеді. Оқып отырып жүрек ауырады. Неге??? Себебі баласы бар адам "сенде балаң жоқ, қуып күліп жүрмей балалы болуды ойла" деп ауыр жазса, баласы жоқ адам "бізде сәбилі болғымыз келеді, сабырмен күтіп жүрміз, сіздер бізге мотивация болдыңыздар" дегенде екі есе жүрек ауырады. Себебі бізге енді 6 жыл болды, бірақ он жылдап бала күтіп жүрген оқырманымыз өте көп. ... Сабыр етіңіздер, Алла қаласа Қазақстанды аралап жүріп сүйінші сұраймын", - деп жазған блогер Желіде.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yeldos Kadirkhanov (@eldos_kalabok)

"Мақпал деген сайын"

 

Оқырманымен сөзге келіп қалғандардың қатарында Мақпал Жүнісова да бар екен. Stan.kz мәліметінше, өнер иесі Instagram-парақшасына тойда бейтаныс әйелмен бірге түскен суретін жариялаған. 

"Осы қатын да көрінгенмен жабысып, Мақпал деген сайын... Зейнеп апа "алб..." деп дұрыс айтып еді", - деп пікір жазған оқырманы.

Әнші бұл пікірге жауап берген.

"Кім болсаңыз да оттай беріңіз, ... аузыңа ие бол сорлы", - деген әнші.

"Жезөкше"

exk.kz мәліметінше, блогер Ырысбала Икрамбай өзіне балағаттаған оқырманын іздеп тапқан. Ол арнайы Түркістан облысындағы Сұлтанбек Қожанов ауылына барған. Басылым мәліметінше, бұл мәселе тікелей эфир кезінде шыққан. Блогер тікелей арқылы жылу жинап, бірнеше отбасыға үй алып беріп жүрген. Ал даудың басы "жезөкше" деген сөзден басталған.

Ырысбаланың сөзінше, Желі қолданушысына бірнеше рет ескерту жасаған. Бірақ оқырман оған құлақ аспаған. Содан кейін полиция ертіп, сол адамды іздеп тапқан.

"Көпшіліктен қорқады екенсіздер, неге онда көпшіліктің алдында маған жала жабасыздар?! Сабыр сақтамаймын! Бұлай ушықтырмай, қарындасым айыпқа бұйырма дегенде мен 260 шақырымды тастап 3 айлық қызыммен осында келмес едім. Мен "қазаққа пайдам тисе" деп жүрген адаммын. Осылай көлденең келген көк атты менің басыма тыша бермесін. Мені біреудің астынан тауып алған ешкім жоқ. Мен бір әулеттің келінімін, үш баланың анасымын. Сіздің балаңызды біреу "жезөкше" деп айтса, сіз қандай жағдайда боласыз? Мені әке-шешем сіздердің сөздеріңізді естісін, әркімнің астында бір қалсын деп тәрбиелеген жоқ", - деді Ырысбала Икрамбай.

Алайда блогер полицияға арыз түсірмеген. Блогердің сөзінше, бұған оқырманының балаларының көз жасы себеп болған.

"Ағайын-туысыңды жинамақ түгілі бүкіл ауылыңды жинасаң да кешірмеймін деп тұр едім. Балалардың көз жасы үшін кешірдім. Ауызға абай болайық. Он күнәнің тоғызы тілден", - деп жазған блогер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова