"Алтын алқа" алу үшін көпбалалы ана қандай құжаттар өткізуі керек? Министрлік жауабы

"Алтын алқа" алу үшін көпбалалы ана қандай құжаттар өткізуі керек? Министрлік жауабы
Фото: © massaget.kz

"Алтын алқа" және "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналарға қатысты Massaget.kz порталының сұрағына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова жауап берді.

Көпбалалы ана марапатқа ие болу үшін не істеу керек, қандай құжат өткізу керек?

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" заңына сәйкес "Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" наградалары мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның қарауының нәтижесінде марапаттау Қазақстан Республикасының Президентімен жүзеге асырылады.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Президентіне "Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" мемлекеттік наградаларымен наградтау жөнінде жергілікті атқарушы органдар ұсыныс береді. 

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықтың 4-тармағына сәйкес жұмыс істемейтін аналарға жергілікті атқарушы органдар награда қағазын толтырып, қол қойып, мөрмен куәландырып, комиссияға ұсынады.

Нұсқаулықтың 10-тармағына сәйкес комиссияның наградтау жөніндегі өтінімдерді қарау нәтижелері туралы кандидатураны ұсынған органға ауызша түрде хабарланады. Сонымен қатар, осы Нұсқаулыққа сәйкес Комиссияның наградтау немесе наградтамау жөніндегі шешіміне азаматтардың арыздары мен өтініштері қаралмайды.

Мемлекеттік награданы табыстау салтанатты, әрі жария түрде Қазақстан Республикасы Президентінің марапаттау туралы Жарлығының күшіне енген күнінен бастап 2 айдан кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі және Қазақстан Республикасының Президентімен немесе облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдерімен немесе мемлекеттік наградаларды табыстауға уәкілетті тұлғалармен беріледі.

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне тағайындалатын биылғы жәрдемақы мөлшері қандай?

«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қзаақстан Республикасы Заңының 10-бабының 3)-тармақшасына сәйкес "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері 6,4 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жәрдемақы мөлшері 2022 жылға 20 352 теңге.

"Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" алу үшін алтыншы баласы неше айдан асу керек?

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес "Күміс алқа" алқасымен алты бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар алтыншы баласы бір жасқа жеткен және басқа балалары тірі болған ретте наградталады.

«Алтын алқа» алқасымен жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар жетінші баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады.

"Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иегерлері басқа қандай жеңілдіктерге ие болады?

  • көлік құралы салығынан (бiр автокөлiк құралы бойынша);
  • тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша салық төлеуден;
  • үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;
  • жеке тұлғалардың мүлiк салығынан (АЕК-тің 1000 еселенген мөлшері шегiнде);
  • нотариаттық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден;
  • зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган заңдық мәнi бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден.

"Алтын алқа", "Күміс алқалармен" наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер беріледі. Бірақ табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуға тиіс.

Сонымен қатар, "Алтын алқа", "Күміс алқамен" наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, көпбалалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды бірінші кезекте алуға құқығы бар.

"Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иегерлерінің тұңғыш баласы 18 жастан асып кеткен болса да жәрдемақы тағайындалады ма?

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен (бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған) марапатталған көпбалалы аналардың еңбектерін тану және беделін арттыру үшін тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы балалардың жасына тәуелсіз түрде өмір бойы төленеді. 

Айта кетейік, бұған дейін көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері өсетінін хабарлаған болатынбыз.

Т. Раушанұлы