Ирандағы қанды оқиға: Биліктің "әдеп полициясы" неге халыққа жақпады?

Ирандағы қанды оқиға: Биліктің "әдеп полициясы" неге халыққа жақпады?
Фото: twitter.com/aizawaima

Иран билігі әдеп полициясы таратылғанын растады. Алайда билік бұл шешімге келмес бұрын республикада екі жарым айға созылған жаппай наразылық пен тәртіпсіздіктер болған еді. Massaget.kz тілшісі Ирандағы кейінгі оқиғалар мен әдеп полициясы деген нені білдіретініне шолу жасады.

Жас қыздың өлімі

©CNN

Иранның Күрдістан аумағында тұратын Махса Амини есімді 22 жастағы қыз 13 қыркүйекте Тегеранға келген. Метродан шығып келе жатқан кезде оны полицейлер ұстаған. Себебі Амини хиджабты дұрыс тақпай, шашы көрініп қалған. Ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң Амини комаға түскен. Ол 16 қыркүйекте ауруханада қайтыс болды. Куәгерлер полицейлер қызды ұрып-соқты деп айыптаған болатын. Бірақ полиция генералы Хоссейн Рахими бұл өтірік екенін, қыздың жүрегі ұстап қалып, көз жұмғанын айтқан. Бірақ туыстары бұл сөзге сенбеген. Олардың айтуынша, Махсада жүрек ауруы ешқашан болмаған. 

Иран президенті кімді кінәләді?

©IRNA

Кейін елде бұл оқиғаға наразылық ретінде жаппай тәртіпсіздік белең алды. Ал Иран президенті Ибрахим Раиси АҚШ пен Джо Байденді елдегі жаппай көтерілістерге кінәлі деп айыптады. Бұл туралы IRNA агенттігі жазды. Раиси Америка президентін Иранда лаңкестік, ретсіздік жасап, ойран салып жатыр деп мәлімдеген болатын.

БҰҰ не деді? 

Deutsche Welle мәліметінше, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Ирандағы адам құқықтарына байланысты халықаралық тергеу жүргізу мәселесін қарайды. Ал БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің басшысы Волкер Турк Иран адам құқықтары дағдарысында тұрғанын ескерткен еді. Ол БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Женевадағы "Иран Ислам Республикасындағы адам құқықтары нашарлауына" арналған арнайы сессиясында сөз сөйлеп, наразылық білдірушілерге қарсы "негізсіз" күш қолдануды тоқтатуды талап етті.

© Bianet

"Наразылық аясында балаларды қосқанда 14000-ға жуық адам қамауға алынды. Бұл - таңғаларлық көрсеткіш. Күштің қажетсіз және теңсіз қолданылуын тоқтату керек. Билікте тұрғандардың ескі әдістері мен менталитеті енді іске аспайды", - деді ол.

Полиция тағы кімдерді ұстады?

The Times of Israel мәліметінше, полиция көпшілік алдында орамалдарын шешкен екі танымал актрисаны тұтқындаған. Хенгамех Газиани мен Катаюн Рияхи әлеуметтік желілердегі "арандатушылық" сипаттағы жазбаларына байланысты ұсталған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Katayoun Riahi|كتايون رياحي (@katayounriahiofficial7)

52 жастағы киножұлдыз сот органдарына шақырылғанын айтып, кейін Instagram-да хиджабын шешіп жатқан видео жариялады.

"Бұл менің соңғы жазбам болуы мүмкін. Осы сәттен бастап маған не болса да, Иран халқымен соңғы деміме дейін болғанымды біліңіздер", - деп жазды ол.

Ол Иран үкіметін 50-ден аса баланы "өлтірді" деп айыптады. Ал кейінірек Рияхи де осы іс бойынша қамауға алынды. 60 жастағы кино және теледидар актрисасы қыркүйекте хиджаб кимей Лондон халықаралық иран телеарнасына сұхбат берді. Ол Махса Амини қайтыс болғаннан кейін Иранды шарпыған наразылықты қолдап, міндетті хиджабқа қарсы шықты.

Елдегі наразылықтарды қолдағаны үшін ұсталғандар қатарында спортшылар да бар. Иран футбол құрамасының тарихындағы ең үздік бомбардир Али Даеи қамауға алынды. Бұл туралы Der Spiegel басылымы жазды.

© Transfermarkt

Басылым мәліметінше, ол спортшы Хамед Лакпен бірге Махса Аминиді аза тұту митингісіне қатысуы керек болған. Кейін бірқатар БАҚ аты аңызға айналған экс-футболшыға қатысты өлім жазасы тағайындалғаны туралы ақпарат таратты. Алайда бұл мәліметтер ресми расталмады.

Ал ирандық спортшы Эльназ Рекаби наразылық ретінде Сеулде өткен Азия чемпионатында хиджабсыз өнер көрсеткен еді. 

© Hindustan Times

Hindustan Times мәліметінше, бұл - спортшының 43 жылдағы алғашқы ашық өнер көрсетуі. Ал Иранның 1983 жылы қабылданған заңына сәйкес, хиджабсыз көпшілікке шыққаны үшін түрмеге қамалып, айыппұл салынады.

Рекаби бұл қадамға жаппай наразылықты қолдаудың белгісі ретінде барған.

Иран соты қандай шешім шығарды?

Елдегі наразылық осымен аяқталмады. Arab News мәліметінше, Иран билігі жаппай наразылыққа байланысты 1000 адамға қатысты қоғамдық сот процестерін өткізетінін мәлімдеген.

Иран құқыққорғаушыларының ақпарат агенттігі (HRANA) мәліметінше, наразылықтарды басу кезінде қауіпсіздік күштері 284 адамды, оның ішінде 45 баланы өлтірген. Ал қауіпсіздік қызметі тарапынан 35 қызметкер ажал құшқан.

Әдеп полициясы деген не?

"Аль-Арабия" мәліметінше, Иран билігі Махса Амини әйелдердің қатаң киім үлгісін бұзып, қамауға алынған оқиғасынан кейін туындаған екі айдан аса уақытқа созылған наразылықтардан соң әдеп полициясы бөлімшелерін таратқан. Бас прокурор Мұхаммед Джафар Монтазери әдеп полициясының сот жүйесіне ешқандай қатысы жоғын және оның жойылғанын мәлімдеген.

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, шариғат гвардиясы немесе шариғат полициясы - ислами діни полиция (әдеп полициясы). Ол шариғатты түсіндіру бойынша ұлттық немесе аймақтық билік атынан діни нормалар мен қоғамдық мораль сақталуын қадағалайды. Сондай-ақ, ол шариғат соттарының өлім жазасына дейінгі шешімдерін орындау үшін қажет болған. 

Ал Ирандағы исламдық діни полициясының негізгі бөлімі 2005 жылы құрылған. Оның миссиясы қоғамдық орындарда діни дресс-кодты қамтамасыз ету саналған. Бұл, әсіресе, хиджабқа қатысты. Сонымен қатар, полиция ерлер мен әйелдердің еркек қамқоршысыз араласуының алдын алу және шариғат шеңберіне сай емес басқа да мінез-құлық түрлерінің алдын алу сияқты мәселелерді қадағалаған. Дереккөздерде қала әйелдері, әсіресе, ауқатты топтардан шыққан әйелдер полицияға қарсы болғаны айтылады. Иранның экс-президенті Хасан Рухани де патрульдік патрульмен келіспейтінін білдірген. Бірақ ол оның конституциялық құзіретіне жатпаған.

@massaget.kz #иран#ислам#қазақстан#казахстан#революция#мұсылман#рек#таным#история#тарих#хочуврек#mahsaamini ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова