Нұра өзенінде көлік суға батып кетті: бірнеше адамды ажалдан арашалап қалған батыр кім?

Нұра өзенінде көлік суға батып кетті: бірнеше адамды ажалдан арашалап қалған батыр кім?

29 қарашада Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин ауылында күтпеген оқиға болды: қақаған аязда Нұра өзенінің үстімен өтпек болғанда мұз шытынап, көлік суға кеткен. Сол кезде көліктің алдында отырған жолаушы Оразалы Асылханов ерлік жасап, мұздай суға бірнеше рет сүңгіп, адамдарды құтқарып қалған. Massaget.kz тілшісі Оразалының анасы Сәулемен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын сұрады.

Оразалы Асылханов әйелімен бірге туыстарының үйіне бара жатқан. Жалпы сол өзеннен қыста өту жергілікті тұрғындардың әдетіне айналған екен. Бұл жолды да такси сол әдетке салып, мұз қатып тұрған өзеннен өте салмақ болған. Алайда мұз шытынап, бірнеше адам отырған көлік суға батып кеткен.  

Оразалы Асылханов

Сол кезде Оразалы мұздай суға бірнеше рет түсіп, адамдардың өмірін сақтап қалған. Бірақ бүгінде Оразалы да, көлікте отырған әйелі де ауруханада жатыр екен. 

"Көлікпен суға батып, бірнеше адамды құтқарамын деп өзі пневмония болып қалды. Көлікте отырған адамның бәрі ауруханада. Қызымның айтуынша, ұлым келініммен кешкі 19.30-дарда үйден шыққан. Оқиға шамамен 20 минуттан кейін болған ғой. Адамдар хабарласып, ұлым ауруханада екенін айтқан. Көлік суға батып кеткен ғой кәдімгідей", - дейді Сәуле. 

Оразалы Асылханов пен әйелі

Ол ауруханада жатқан ұлының қазіргі жағдайын айтты. 

"Қазір бәрінің жағдайы тұрақты дейді. Өкпесіне суық тиген. Негізі ауруханада жатқандарына бір күндей ғана болды. Енді шығарамыз деп жатыр екен. Менің ойымша, кемінде 10 күндей жатуы керек. Бір күнде жазылып шығуы мүмкін емес қой. Әлі сөйлесіп жатырмын", - дейді Сәуле. 

Сәуленің айтуынша, ұлы көліктің алдында отырған. 

"Көлік батқан кезде "адамдарды қалай алып шықсам?" деп ойлаған. Сөйтіп, артқы терезені жұлып алып әйелін, әжейді, бір жасар баланы шығарған. Одан бөлек, тағы бір бес жасар бала болған, оны шығарайын десе аяғы қысылып қалыпты. Ол баланы шығарған кезде ессіз болған. Алғашқы медициналық көмек көрсеткен", - дейді Сәуле.  

Суға батып кеткен көлік

Бұл Оразалының жалғыз ерлігі емес. Анасы Сәуленің айтуынша, жазда Нұраға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалыпты. Өзі әскери борышын өтеген. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина