"Қойсақ болмай ма?" Жазира Байырбекова қыз жасауын ақтарып көрсететіндерді сынады

"Қойсақ болмай ма?" Жазира Байырбекова қыз жасауын ақтарып көрсететіндерді сынады
Фото: Instagram/ zhazira_bairbekova

Әнші Жазира Байырбекова қыз жасауын халық алдында ақтарып көрсететіндерді, қалың малды жария ететіндерді сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ойын өнер иесі Instagram-парақшасында бөлісті. 

"Қазақтың тойларында қыздың артынан апаратын дүние-мүлікті халыққа ақтарып көрсетуін, қызға қанша қалыңмал әкелгенін көпшілікке жария етуін қазақтың салты дегенге сеніңкіремеймін. Осыдан 15-20 жыл бұрын әдемі қыздың қолынан ұстап, ұзату әнін айтып бастап едім. Бірақ дәл бүгінгідей әнші ұзату керек деген ұғым қалыптасып, салтымызға айналып кетеді деп ойламадым. Менде жаман ой болған жоқ. Жай ғана тойдың сәнін келтірсем деген ниет болды. Осы жағдай сияқты әдетке айналып кеткен-ау?" - деп жазды ол. 

Әнші дүниемен мақтанғанды, қыз артынан келген мүлікті ашып көрсету үрдісін қою керек дейді.

"Кімнің қанша қалыңмал бергенінде, қыздың артынан қандай киім, қандай ыдыс әкелгенінде көпшіліктің қандай шаруасы бар?! Бар адамдар апарсын, бірақ жария етпей-ақ қойсақ болмай ма? Қымбатты аналар, әжелер, жеңгелер бұл үрдісті жеңілдету сіздер мен біздің қолымызда. Осы орайда @nazira_bairbek тің мына сөзі дәл келіп тұр. "Біреу байлығын көрсетіп әлек, біреу кедейлігін жасырып әлек..". Дүниемен мақтанғанды қояйықшы", - дейді өнер иесі. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жазира Байрбекова (@zhazira_bairbekova)

Желі қолданушылар әншіні қолдап, пікір қалдырған. 

"Осы Жазира әпкемнің ерекшелігі ішкен-жегенін көрсетпейді, сонысына риза боламын. Қарапайым болайықшы, қыздың артынан дүниенің төрт бұрышын апарып жар салсаң да, ол барған жерінде бақытты, жайлы өмір сүрсе жақсы", "Өте жақсы жазыпсыз әпке", "Ай, осыны айтатын бір адам болар ма екен деп жүр едім. Жазира ханым, жарайсыз", "Дәл менің ойым осы! Неге керек сол? Жастар бақытты болса болды!", "Мен де соны түсінбеймін", "Әншілер тап осыны айтады деп ойламаппын", - деп жазған оқырмандар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек