- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Келесі проблема -...
"Келесі проблема - Қазақстан". Ресейлік сарапшының мәлімдемесі жұртты шулатты
Ресейдің "Россия-1" телеарнасының "Вечер с Владимиром Соловьёвым" ток-шоуында Ресейдің Украинадан кейінгі келесі проблемасы Қазақстан екені айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мына нәрсеге назар аударайықшы, Ресейдің Украинадан кейінгі проблемасы - Қазақстан. Өйткені Украинадағыдай нацистік процестер де сол жерде басталуы мүмкін", - дейді бағдарлама қонақтарының бірі.
Журналист әрі бағдарлама жүргізушісі Владимир Соловьев екі ел арасындағы шекара да ұзын екенін еске салды.
"Ол жерде орыстар көп. РосАтом үшін қажет ядролық отын да сол жерде", - дейді бағдарлама қонағы.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ресейлік сарапшылардың айтқан сөзіне қатысты ойын айтты.
"Әрине, мен ешқашан нацистік процеске тап болған емеспін, ол біздің елімізде жоқ та. Мұндай мәлімдемелерге қатысты айтарым - Мемлекет басшысы да, СІМ басшылығы да, өзге басшылар да бұған дейін түрлі мәлімдеме естіді. Біріншіден, біз бұл Ресей Федерациясының ресми ұстанымы деп санамаймыз. Екіншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі тығыз қарым-қатынастарға нұқсан келтіріліп отыр. Үшіншіден, федералды арналардың бірінде осындай позициялар жарияланғандықтан Ресей Федерациясының билігі тиісті реакция береді", - деді Василенко Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина