- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қай ел президенттері...
Қай ел президенттері Тоқаевты құттықтады?
Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаевты айқын жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Мемлекет басшысы Өзбекстан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сай келетінін айтты.
"Президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының қазіргі жағдайын және даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, алдағы кездесулердің кестесін қарастырды", - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келесі жылдың басында екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын айтты.
"Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді", - делінген хабарламада.
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
"Мемлекет басшысы құттықтағаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, Қырғызстанмен арадағы көп жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беретініне ниетті екенін жеткізді. Әңгімелесу барысында тараптар қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты", - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де құттықтады.
"Сайлаудағы айқын жеңісіңіз Қазақстан халқының Сізге деген сенімін және өзіңізді толық қолдайтынын білдіреді. Сіздің бірегей басшылығыңызбен еліңізді реформалауға бағытталған барлық бастамаңыз табысты болатынына және Жаңа Қазақстанды құру ісі ілгерілейтініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беремін және дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толған уақытта сіздермен бірге мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басуға дайынмын", - деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жормарт Тоқаевты Ресей президенті Владимир Путин де құттықтады.
"Сіз отандастырыңыздың зор сеніміне ие болдыңыз. Бұл сенім мандаты мемлекетті дамытуға бағытталған Сіздің бастамаларыңызды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастық табысты дамып келеді. Ынтымақтастығымызды одан әрі бірге ілгерілете береміз", - деп жазылған жеделхатта.
Беларусь президенті Александр Лукашенко да Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі нығаю перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтар екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуда басты бағдар болатынын айтты. Мемлекеттер басшылары қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту жөніндегі бірлескен міндеттерді талқылады.
Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтағанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек