- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Путин ДХР мен...
Путин ДХР мен ЛХР студенттерін демобилизациялауды тапсырды
Украина Ресей жасаған "әскери қылмыстар" ашылғанын мәлімдеді. Ал Ресей президенті Владимир Путин ДХР мен ЛХР студенттерін демобилизациялауды тапсырды. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі ахуалға шолу жасады.
Херсонда Ресей тарапынан жасалған "әскери қылмыс" тіркелді - Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский Оңтүстік Херсон аймағында жұмыс істеп жатқан тергеушілер Ресей әскері жасаған 400-ден аса "әскери қылмысты" ашқанын айтты.
"Херсон облысында Ресей әскері еліміздің басқа аймақтарындағыдай қатыгездік жасады. Херсоннан украиналық азаматтар мен әскери қызметкерлердің денелері табылды. Біз әрбір кісі өлтірушіні тауып, жауапқа тартамыз. Ешқандай күмән болмасын", - деді Зеленский.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Херсонда комендант сағаты енгізілді
Херсон әскери облыстық әкімшілігінің басшысы Ярослав Янушевич Telegram-арнада қалада комендант сағаты енгізіліп жатқанын, қалаға кіруге және шығуға шектеу қойылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, Херсон билігі маңызды инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Янушевич Ресей әскері "инфрақұрылымның барлық маңызды нысанын миналағанын" мәлімдеді. Украина президенті минадан тазарту жұмыстары кезінде бір адам қаза тауып, төртеуі жарақат алғанын айтты. Зеленский тұрғындардан "өте сақ болуды және құтқарушылардан барлық қауіпті нысан туралы дереу хабарлауды" сұрады.
Украина портынан азық-түлігі бар сегіз кеме шықты
Бірлескен үйлестіру орталығы мәліметінше, Украина портынан бидай, жүгері және басқа да өнімдері бар сегіз құрғақ жүк кемесі шыққан.
"Бүгін сегіз кеме Украина портынан шықты, олар Қара теңіз астық бастамасы аясында барлығы 250 968 тонна астық пен басқа да азық-түлік тасымалдайды", - делінген хабарламада.
Stavros кемесі Йеменге 55,3 мың тонна бидай, Cebihan құрғақ жүк кемесі Оманға 54,2 мың тонна бидай, Rising Falcon кемесі Италияға 26,2 мың тонна бидай, SSI Erdogan bey құрғақ жүк кемесі Германияға 34,2 мың тонна рапс жеткізеді.
Путин ДХР мен ЛХР студенттерін демобилизациялауды тапсырды
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин бұрын әскери қызметке шақырылған ДХР мен ЛХР квазимемлекеттік аумақтарының студенттерін демобилизациялауды тапсырды. Бұл туралы Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады. ДХР мен ЛХР Ресей құрамына кіргенге дейін осы республикалардың студенттері мобилизацияланған еді.
"ДХР мен ЛХР Ресей құрамына кіргеннен кейін халықтық милиция күштері Ресей Федерациясының Қарулы күштеріне біріктірілді. Путин студенттерді демобилизациялауды және оқу орнына оралуды ұйымдастыруды тапсырды", - деді Песков.
Ресей Донецкіде алға жылжу барын мәлімдеді
Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның Донецк облысының шығыс бөлігіндегі Майорск ауылы басып алынғанын мәлімдеді. Украина пікір білдірген жоқ, бірақ бұған дейін Донецк пен Луганск облыстарында қызу шайқас жүріп жатқаны айтылған болатын. Украина Бас штабы мәліметінше, ресейлік зымырандар мен артиллериялық снарядтар соққысы Бахмут, Авдеевка, Новопавловка және Запорожьенің шығыс аймақтарына тиген.
Шольц Путиннің G20 саммитіне барудан бас тартқанына өкініш білдірді
Германия канцлері Олаф Шольц Ресей президенті Владимир Путин Индонезиядағы G20 саммитіне қатыспайтынына өкініш білдірді. Ол Путин соңғы минуттарда шешімін өзгертса, қуанышты болатынын атап өтті.
"Путин G20 саммитіне барса жақсы болар еді", - деді канцлер.
Шольцтың пікірінше, Путиннің сапары Ресей президентінің басқа елдердің өкілдері тарапынан "мәселе мен сынға" тап болуы үшін қажет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова