Қазақстандықтар сүйіп көрген "Ва-банк" актерлері қазір қайда жүр?

Қазақстандықтар сүйіп көрген "Ва-банк" актерлері қазір қайда жүр?
Фото: Фильм кадрлары

Корейдің танымал "Ва-банк" сериалын білесіз бе? 2000-жылдардың басында шыққан бұл сериалдағы Ким Ин Аға ғашық болған қыздар, Мин Су Ёнге ғашық болған жігіт көп. Бұл актерлер қазір қайда жүр? Massaget.kz тілшісі сериал актерлері туралы деректер жинады.

"Ва-банк" - корейдің 2003 жылы жарық көрген телехикаясы. 24 бөлімнен тұрады. 

Телехикая сюжеті бойынша, бала кезінде жетім қалған Ким Ин А ағасы, картақұмар Ким Джи Судың қолында тәрбиеленген. Батыл және сенімді жігіт көптеген жақын дос табады, оның бірі - бай баласы Чхве Ён Вон. Көп ұзамай Ин А Мин Су Ён есімді қызбен танысып, екі жас бір-біріне ғашық болады. Ин А жақсы көретін қызын Ён Вонмен таныстырады, байдың баласы да сол қызға ғашық болып қалады. Артынша, Ён Вонның әкесі Ким Ин А адам өлтіргендей етіп ұйымдастырып, бас кейіпкер АҚШ-қа қашуға мәжбүр болады. Сонда ол кәсіби түрде карта ойнап, ойыншы ретінде карьерасын жасай бастайды. Кейін Кореяға оралып, махаббаты үшін күреседі.

Ким Ин Аны актер Ли Бён Хон сомдады. Актер 2013 жылы Ли Мин Чжон есімді актрисаға үйленді. 2015 жылы жұп балалы болды.

Ли Бён Хён 1995 жылдан бастап киноға түседі, ол түскен телехикая мен фильмдер саны - 33. Кейінгі түскен сериалы "Біздің блюз" танымал болды. Одан бөлек, былтыр бүкіл әлем назарын аудартқан "Кальмар ойынына" да түскен еді. 

Ли Бён Хон "Терминатор. Генезис", "РЭД 2", "Ғажайып жетеу" секілді голливудтық фильмдерге де түскен.

Ал Мин Су Ён ролінде Соң Хе Гё ойнады. Актриса қазір 40 жаста. 1995 жылдан бері сериалдарға түседі. "Ва-банкқа" дейін де бірқатар жобаға қатысқан.

Сериал сәтті аяқталған соң, Ли Бён Хон мен Соң Хе Гё арасында ұшқын пайда болып, екеуі жүре бастаған. Бірақ ол ұзаққа созылмады, жұп бір жылдан кейін қатынасты үзгенін хабарлады.

2017 жылы актриса Кореяның танымал актері Соң Чжун Кимен отау құрды. Бірақ олар 2019 жылы ажырасып кетті. 

Соң Хе Гё көбіне телесериал актрисасы ретінде танымал. "Ва-банктан" кейін қазақстандықтар сүйіп қараған "Ыстық ұя" сериалына түсті. 

2018 жылы "Кездесу", 2021 жылы "Енді ажырасамыз" сериалдарында басты рольде ойнады. Одан бөлек, карьерасында он шақты фильмге түскен.

Ким Ин Аның досы Чхве Ён Вон ролінде Джи Сон ойнады. "Ва-банк" сериалынан кейін бұл актердің де есімі корей жұртына тарады. Жылына кем дегенде бір телехикаяға түседі. Бүгінде 29 сериалға түсіп үлгерген. 45 жастағы актер былтыр "Әзәзіл адвокат", биыл "Адамас" деген телехикаяларда ойнады. 

Ол 2013 жылы танымал актриса Ли Бо Ёнмен отау құрды. Бүгінде бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Телехикаяда Ким Ин Аның жас кезін Джин Гу сомдады. "Ва-банк" - актер түскен алғашқы сериал. Актер ретінде карьерасын тоқтатқан жоқ. Биыл ғана "Тамаша күн" деген сериалда ойнады. "Ва-банктан" кейін 20-дан аса сериалға түсті. 

Одан бөлек 24 фильмде ойнаған - оның кейінгісі биыл ғана шықты. 

Джин Гу 2014 жылы үйленді, жары - шығармашылық адамы емес. Отбасы бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. 

Ал Мин Су Ённің жас кезін Хан Джи Мин сомдады. Оның бағын ашқан 2005 жылғы "Тірілу" сериалы болды. Кейін тарихи, романтикалық драмалар оның есімін асқақтата түсті. 

Биыл ғана "Ким Ин Амен" бірге түскен "Біздің блюз" сериалы халық ықыласына бөленді. Жалпы, карьерасында 20 сериал, 16 фильмге түскен.

Ол шығармашылық емес, қайырымдылықтарымен де көзге түскен. 2012 жылы ол БҰҰ қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Биыл 8 наурызда ЮНИСЕФ Корея комитеті арқылы Ресей басқыншылығынан зардап шеккен украиндарға көмектесу үшін 100 миллион вон (қазіргі курспен 34,5 миллион теңге) берді. Солтүстік Корея мен Азияның басқа елдеріндегі балалар білім алуы үшін сериалдан түскен гонорарын жиі қайырымдылыққа береді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш