- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұлдар да сырға...
"Ұлдар да сырға таққан". Қазақ әшекей-бұйымдарындағы жасырын белгілерді білесіз бе?
Қазақтар қашан да ырымға ерекше көңіл бөлген. Олар әшекейді сәндік үшін ғана емес, сонымен қатар, түрлі бәле-жәледен аулақ болу үшін таққан. Қазақ халқы ақ, ізгі тілектерді әшекей бұйымдағы түрлі пішін, өрнек арқылы жеткізіп отырған. Massaget.kz тілшісі ертеде әшекейлерге қандай жасырын мағына таңылғанын анықтады.
"Мұрнына сырға таққан"
Ертеде қазақ қызының мұрнына пирсинг сынды сырға таққанын елестету мүмкін емес сияқты. Бірақ бұл олай емес. Бұрын қазақ қыздары мұрындарына да әшекей бұйым таққан. Бұл туралы сол замандарда қазақ тарихын жазған этнографтардың еңбектерінен байқауға болады.
"Қазақ әйелдері әшекейлерді кеудесіне де тағады. Бастарына жаулық салып, оның үстінен маңдайға дейін түсетін жамылғы киеді де, оған жіпке тізілген маржан, інжу қадап қояды. Оның үстінен ақ жаулық салады. Арқа жағындағы жаулықтың ұшы жерге тие жаздап тұрады. Кейбіреулері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді, осы арқылы әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғарасың. Саусақтарына жүзікті молынан салады, ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады", - деп жазған орыс зерттеушісі И.Г.Андреев.
Сондай-ақ қазақ қызының мұрнына сырға-сақина таққанын генереал-майора Броневскийдің XIX ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін көрсеткен "Алтын Орда жазбасы" еңбегінде де келтіріледі.
"Кейбіреулер мұрнына күміс сақина салады, бұл - үйдің ең сүйікті қызы деген мағына. Құлаққа інжу-маржаны бар ұзын сырға мен көп сақина тағады", - делінген туындысында.
Мұндай сырғалар "зере сырға" деп аталады. Әйгілі Құнанбайдың анасы Зере де көз тимесін деп мұрнына зере тағып жүргендіктен Зере атанып кеткені туралы мәліметтер бар.
"Әйелдер мен ерлер тұмары"
Тұмар - ырымдық зат. Ертеректе қазақтар бойтұмарды алқаға, кішкене қорапшаға, әмиянға салатын болған. Кейін былғарыдан, шүберектен жасаған қалташаға тіккен. Ол көз тиюден, пәле-жаладан, апаттан қорғайды деп сенген.
Суреттер womenofkz Instagram-парақшасынан алынды
Алайда тұмардың бірнеше түрі бар екенін, тіпті әйелдер мен ерлер тұмарының айырмашылығы бар екенін білдіңіз бе?!
Зерттеуші Динара Асанованың сөзінше, алғашқы тұмарларға ине, үкі, қой не түйенің жүні салынған. Осылайша, қазақтар түрлі аурудан, тіл-көзден сақтанған. Ал алыс сапарға шыққан жолаушы бойтұмарына туған жерінің топырағын салған. Бір ұшы төменге қараған тұмар әйелдер үшін, ал жоғарыға қараған ұшы ерлер үшін жасалған. Ал екі тұмардың қосындысы тұтастық, жаңа өмір деген мағына берген. Тұмардың шашақтарын "ұрпақ" көп болмын деген ырыммен көптеп тіккен. Көп жағдайда мұндай тұмарды ұрпақ жалғассын деген ниетпен таққан.
"Ұлдар да сырға таққан"
Кішкентай қыздарға сырға тағу міндетті болған. Қыздарға алғашқы сырғаларын әдетте үш-бес жастарында тағатын. Сырғаны тек әдемілікке емес, сонымен қатар, қорғаныс мақсатында қолданған, себебі сырғалар құлаққа жын кіруден сақтайды деп саналған.
Тувалықтар мен өзбектер секілді, қазақтарда да сырға тағу дәстүрі тек қыздарда ғана емес, ұлдарға тән болған. Көптен күткен немесе жалғыз ұл дүниеге келгенде, әйелдер жындарды алдау үшін баланың құлағын тесіп, сырға таққан. Оны тек бала бес жасқа толғанда шешетін болған.
Тағы бір қызық ерекшелік, Шайзада Тохтабаеваның айтуынша, әйел қайтыс болғанда оның денесінен бәрін сыпырып шешіп алады, тек құлағында сырғасы ғана қалады. Бұл әйелдің денесі жер астына түскенде құлағына жылан кірмеуі үшін екен.
С. Дудин. Суреттер womenofkz Instagram-парақшасынан алынды
Шекелік
Көп қызығушылық тудыратын әшекейлердің түрі - самайлық салпыншақ-қорғауыштар - үкі аяқ, онда үкі тырнақтары күміспен безендіріліп, тіл-көзден сақтаушы тұмар ретінде қолданылған.
Егер шолпы қыздың нәзіктігін, өзіне тән ұяңдығын көрсетіп, қатты сөйлеуден, артық қозғалудан тыйса, шекелік қыз сұлулығына тіл-көз өтпеуден сақтайды деп сенген.
Тағы бір қызығы, жыл сайын әйел бұйымындағы моншақ саны қысқарып отырған. Бұдан әйел жасын білуге болады.
Суреттер ашықдереккөзден алынды
Ал қазіргі маңдайға тағылып жүрген әшекей қазақтың шекелігі емес, ол өзге ұлт бұйымы.
Сақина
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Дәулетияр Әдиевтің айтуынша, құстұмсық жүзіктің та өзіндік ерекшелігі бар.
Құстұмсық жүзікті ертеде қызы ұзатылғанда әкесі ырымдап соққызған. Жүзік құстың тұмсығына ұқсалған оюлармен әшекейленген. Әкесі қызы ұзатылып кетерінде қызының он қолының төртінші саусағына жүзікті салады. Оның мағынасы, барған жерінде сыйлы, әулетіне сыйлы келін болсын деп ырымдайды. Жүзіктің үшкір жағы, яғни құстұмсығы-қызымды тіл көзден, жаманнан сақтасын деген. Жылдар өте келе келін ата-енесі, жұбайымен тату-тәтті тұрса, жүзікті аманат етіп жолаушыдан береді. Үйіне қайтарылған жүзік жақсы хабар болып есептеледі. Әкесі қызының бақытты екеніне қуанып той жасап, ас береді. Аманатты әкелген жолаушыға шапан кигізіп, ат мінгізіп, қонақ етіп күтеді. Жүзікті әкесі келесі қызына дайындап, сандықтың түбіне ырымдап тығып қойған.
calend.mycollection.kz
Еске салайық, бұған дейін ертеде ерлер қандай әшекей бұйым таққанын этнографпен сұхбаттасып, қызық деректер жинаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек