- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "11-сыныпта көбейту кестесін...
"11-сыныпта көбейту кестесін білмейтін бала отыр". Қарағандылық жас маман даулы мәлімдеме жасады
Желіде Әлихан Ибрагимов атты мұғалімнің мектептегі білім деңгейінің төмен екенін айтып, үн қатқан видеосы тарады. Оқу-ағарту министрлігі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ZTB.KZ мәліметінше, Әлихан дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша Қарағанды облысы Абай ауданы, Ақбастау ауылына мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Ол мектептегі білім деңгейі төмен екенін айтып үндеу жолдаған.
"11-сыныпта көбейту кестесін білмейтін бала отырғанда білім сапасы жайлы не айтуға болады. Ал жоғары сыныпта ежелеп кітапты оқып отырғандарды қайда жібереміз? Математика, жаратылыстану сияқты пәндер төменгі және жоғарғы сыныптарда бірігіп өтіледі. Елестетіп көріңізші бір 45 минутта мен физика пәнін 8 және 10 сыныпқа өткіземін. 6-8-10 сыныптарға бір уақытта өтетін пәндер де бар. Әр сыныпқа 45 минут емес 15 минут ғана уақыт бөлінеді.
Конституцияда жазылғандай оқушылардың орта білімі мемлекет бекіткен стандарт бойынша, балалардың санына қарамастан бәріне бірдей берілуі керек. Мен Жаңа Қазақстанды құрғым келеді. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан мемлекет мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек",- деді жас маман Ибрахимов Әлихан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның айтуынша, мектепте А4 қағазын мұғалімдер өздері сатып алып, өздері үйден алып келген принтерді қолданады. Ал сабақ өтіп жатқанда жиналыс өткізіп, директордың кабинетіне шақыруы тіпті түсініксіз жағдай екен. Тіпті мұғалімдерді ауданнан келетін комиссиямен қорқытып тастапты.
Оқу-ағарту министрлігі өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
"Физика пәні мұғалімінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесі негізінде Ақбастау ауылдық мектебінде ішкі тексеру жүргізіледі. Арнайы комиссия құрылды, оның құрамына білім басқармасының, білім беру саласындағы сапаны бақылауды қамтамасыз ету департаментінің өкілдері енді. Ақпарат расталса, барлық қажетті шаралар қабылданып, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатын болады", - делінген Massaget.kz тілшісінің сауалына берілген ресми жауапта.
Мектеп директорының ақпараты бойынша, Әлихан Ибрагимов аралас сыныптан алты баланы оқытқан.
"Алдында ол еш себепсіз бірнеше күн жұмыста болмағаны анықталды. Айта кету керек, жалпы алғанда, мұндай жағдай алғаш болып отыр, аймақта білім сапасы дұрыс қамтамасыз етіліп отыр", - делінген Massaget.kz тілшісінің сауалына берілген ресми жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина