Қазақ жұлдыздары тұсаукесер тойына келуге қанша гонорар сұрайтыны анықталды

Қазақ жұлдыздары тұсаукесер тойына келуге қанша гонорар сұрайтыны анықталды
Фото: Instagram

Қазақ ертеден баласы дүниеге келген сәттен бастап әр қызығын думандатып той жасаған. Баланың әр талпынысы бір мереке болған. Соның ішінде тұсау кесу салтына да зор мән берген. Өйткені бала жүруге талпынған кезде "қадамы анық әрі нық болсын, тез жүріп кетсін" деген сеніммен таңдаулы адамға баласының тұсауын кестірген. Тіпті баланың тұсауын кесетін жібіне дейін байыппен қараған. Бүгінде бұл салт еш өзгеріссіз сақталғанын байқап жүрміз. Дегенмен дамыған заманда аздаған өзгеріс те жоқ емес. "Шашылсаң, тойға шашыл" дейтін қазақ баласының тұсауын кестіруге танымал қазақстандықтарды арнайы шақырып, той жасап жатады. Massaget.kz тілшісі жұлдыздардың өкілдеріне хабарласып, тұсау кесуге шақыру қанша тұратынын анықтады. 

Қарақат Әбілдина

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі Қарақат Әбілдина "Қарақат тұсауын кескен құлыншақ" деген атаумен тұсау кесетіні әлеуметтік желіден де белгілі. Әншінің директоры оның басқа қалаға бармайтынын, тек Астанада бәрінің басын қосып өткізетінін айтты.

"Тұсау кесуге жазылу жүріп жатыр. Күні қашан өтетіні белгісіз. Астанада өтеді. Қатысу құны 70 мыңнан 100 мыңға дейін. Өтетін орнына байланысты болады", - дейді әншінің директоры.

Жазира Байырбекова мен Жанболат Ербатыров

Қыз ұзатып, келін түсіріп жүрген Жазира Байырбекова мен оның жары Жанболат Ербатыровтың директоры "жағдайға қарай келісуге болатынын" жеткізді.

"3 миллион болады. Ішіне ұшып-қону билеті, тұратын жері кіреді немесе 2,5 миллионға шақырып, қалғанын өздеріңіз алсаңыздар болады. Бұған Жанболат пен Жазира дуэті кіреді, 5-6 ән айтады. Жазира кішкентай баланы алып шығады. Тұсау кесу керек болса, "Тәй-тәй" әнімен тұсау кесіп береді. Сіздердің қалаларыңызда басқа той болып, сол тойға барып, сіздердің тойларыңызға да кірсе, арзандау болады", - дейді әншінің өкілі.

Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева

Ал Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдулиеваның тұсау кесуге келу құны 1,5 миллион теңге болады екен. Алайда тек тұсау кесуге келмейді. Өйткені олар тойда ән айтып, өнер көрсетеді әрі басқа қалаға келуіне байланысты осындай баға болады.

Мәдина Сәдуақасова

Мәдина Сәдуақасованың тұсау кесуге келу құны - 1,5 миллион. Әншінің директорының сөзінше, тек тұсау кесуге келсе де, осындай баға болады, өйткені күнін арнап келеді.

"Гонорары - 1,5 миллион. Бөлек екі адамға ұшып-қону билеті, қонақүй, күтіп алу-шығарып салу. Алты-жеті өлең айтады. Тұсау кеседі. Той жасайсыздар ғой, өлең айтады", - дейді әншінің директоры. 

Гүлзира Айдарбекова

Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері тұсау кесуге қонақ емес, әртіс ретінде келеді. Гүлзира Айдарбекованың өкілінің сөзінше, тек тұсау кесуге келмейді, өнерін көрсетуі, бәрі 2000 доллар болады. Бұл сома қазір теңгеге шақсақ, 900 мыңнан асады. 

Ерке Есмахан

Ерке Есмахан да тұсау кесуге арнайы келмейді. Алайда тойға келу құны - 2 миллион теңге. Бірақ бұл бағаға ұшып-қону билеті, өмір сүру ақысы кірмейді. Сондай-ақ, бұл нәрсенің бәрі екі адамға есептелуі керек. 

"Негізі тұсау кеспейді. Сұрап көрейін", - деп жауап берді әншінің өкілі.

Ал Нұрболат Абдуллиннің өкілі әнші тұсау кесуге бармайтынын айтты.

Айгүл Иманбаева

Айгүл Иманбаеваның тұсау кесуге келу құны - 1,5 миллиоон. Директорының сөзінше, әнші Астанада тұрады, сондықтан бұл баға қалаға да байланысты болады екен. Бірақ барлық шығын осы бағаға кіреді.

"Қалағандарыңызша ән айтады. Кей тойда 7-8 ән, кейде 3-4 ән айтады", - деді әншінің өкілі.

Алтынай Жорабаева

Алтынай Жорабаеваның директорының сөзінше, әншінің бір шығу құны - 500 мың теңге. Билет, қонақүй бөлек есептеледі. Ал "тек тұсау кесуге келе ме?" деген сұраққа "тағы да сұрайын", - деп жауап берді.

Шоу-бизнес өкілінің бәрі дерлік арнайы уақытын бөліп келетіндіктен, тұсау кесуге де той секілді гонорары белгіленгенін байқауға болады. Сондықтан тек тұсауға кесуге келе ме, әлде ән айта ма, бәрібір белгіленген гонорар төленуі қажет екен.

Шоу-бизнес өкілдері тойға шығуға қанша сұрайды?

Еске салайық, бұған дейін ересек адамның тұсауын кесу туралы материал жарияланған болатын. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілінің тұсауын кесу рәсімі Қазнетті тәнті еткен еді. Ал Ардақ Назаров 30 жастағы ер адамның тұсауын кескен болатын

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова