- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 28 мың адамның...
28 мың адамның кредиті кешіріледі. Бұл тізімге кімдер кіреді?
Кеше, 8 қарашада микроқаржылық ұйымдар 28 мың азаматтың кредитін кешіреді деген ақпарат тарады. Бұл не деген сөз және кімдердің кредиті кешіріледі? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Парламенті мәжілісінің Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттарының сауалына жауап берген болатын. Жауаптар агенттік
депутаттардың реттеушінің іс-әрекеттері коллекторлық агенттіктерге МҚҰ-ның проблемалық микрокредиттерін сатуға ықпал етеді деген тұжырымдарын дұрыс емес деп санайтынын атап өтті.
"Биыл наурыз айында ұсынылған микроқаржылық ұйымның жеке жоспарлары шеңберінде 2022 жылдың соңына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегін қайта құрылымдау, 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегін ішінара кешіру және 28 мың қарыз алушыны 0,6 миллиард теңге сомасындағы берешегін толық кешіру жоспарланып отыр", - делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.
Ал экономист Мақсат Халықтың сөзінше, Қазақстанда 28 мың адамның несиесі кешіріледі деп хабар тарату дұрыс емес.
"0,6 миллиард деген 600 миллион теңге. Оны 28 мың адамға бөлсеңіз шамамен 20 мың теңгеден шығады. Бұл айқайлатып жариялайтын дүние емес. Бүгінде микроқаржылық ұйымдар несие портфелін тазартып жатыр. Бұрыннан төлемей қалған кейбір азаматтар, оның ішінде, біреуі 20 мың алған, енді бірі 50 мың алғаны бар, осылайша түрлі жағдайға байланысты несиесі төленбей кетеді. Немесе біреудің атынан басқа біреу несие алып тастаған, ал оны төлемей жүр. Сондай несиелерді кешіріп жатқан болуы керек. Ал оны жариялап, барша халықтың несиесін кешіріп жатқандай тарату қылмыс болып саналуы да мүмкін. Дүрбелең жасамау керек. Қиын жағдайда жүрген азаматтар "біздің де несиені кешірсін" деп ойлайды", - дейді заңгер журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
Заңгердің сөзінше, бұл жолы микроқаржылық ұйымдардың несиені кешіруіне мемлекет ақша бөлмейді. Демек микроқаржылық ұйымның өзі сондай шешім қабылдаған.
Мақсат Халық банктерде NPL атты ұғым барын айтады. Бұл - қайта алмай қалған, төленбей кеткен несиелер. Егер оның көлемі ұлғая берсе, онда кез келген банк не компания қиын қаржылық жағдайға ұшырап жатыр деген белгі береді. Нәтижесінде ондай банктерге ешкім қарыз ақша бермейді, берген күннің өзінде пайызын көбейтіп береді. Мұндай қиын жағдайға қалмау үшін банк мүлде қайтпайтын несиесін жоюға тырысады.
"Яғни микроқаржылық ұйымдар несие мүлде қайтпайтынын, төленбейтінін түсінген кезде оны жоюға тырысады. Несие кешіріледі дегеннен гөрі несие жойылады деп айтқан дұрыс шығар. Яғни бұл қайтпайтын несиелердің жойылу процесі", - деп түсіндірді заңгер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина