Қазақстандық екі университет Азиядағы ең үздік оқу орындарының қатарына кірді

Қазақстандық екі университет Азиядағы ең үздік оқу орындарының қатарына кірді

Екі қазақстандық жоғары оқу орны Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына кірді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 44-орынды иеленіп, үздік азиялық жоғары оқу орындарының топ-50 тізіміне енген. Ал, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 96-орынға орналасқан.

"Қазақстан Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда рейтингте көш ілгері. Үздік азиялық жоғары оқу орындарының тізбесінде еліміздің 32 университеті бар. Орталық Азияның үздік үштігіне де қазақстандық жоғары оқу орындары енді. Олар халықаралық индикаторлар бойынша ең жоғары орындарда тұр", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия өңіріндегі жұмыс берушілер арасында академиялық беделдің ең жоғары көрсеткіштеріне ие. Үздік үштікке Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және Satbayev University кірген.

"Еліміздегі жоғары білім саласы халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көріп отырмыз. Әлемдік рейтингтерде алға жылжу - қазақстандық білім беру сапасы мен университеттердің мәртебесін жақсартудың көрнекі дәлелі. Бұл біздің жоғары оқу орындарының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді", - деді министр Саясат Нұрбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова