"Ел күтпеген жаңалық". Халықтан жасырып үйленген жұлдыздар

"Ел күтпеген жаңалық". Халықтан жасырып үйленген жұлдыздар
Фото: Желідегі суреттер

Өнердегі танымалдардың көбі жеке өмірі туралы жарияға жар салуды құп көрмейді. Бұл қатарда халықтан үйленгенін жасырын ұстайтын әртістер де бар. Бірі мұны карьерасымен байланыстырады. Ал енді бірі "тіл-көз өтеді" деген сеніммен көптің назарында болмауды жөн көреді. Massaget.kz тілшісі үйленгенін жасырған қандай шоу-бизнес өкілдері барына шолу жасады.

Он жылдан кейінгі ел күтпеген жаңалық

Танымал әнші Қайрат Нұртас он жылдан аса уақыт бойы жеке өмірін құпия ұстап келді. Ал он жылдан кейін, яғни 2017 жылы қазанда өткен "Арман..." (орысша атауы "Когда ангелы спят") атты фильмнің таныстырылымында жұбайын ел алдына алып шыққан еді. Сондай-ақ, ол отбасын таныстырып, Астана мен Алматыда дүркіретіп концерт өткізген болатын. Концертте әншінің ата-анасы, әйелі және төрт баласы да өнер көрсеткен еді.

© instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Әншінің жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова қазір актриса әрі тележүргізуші, тіпті блогер ретінде де көптің көзайымына айналып үлгерген. Ол Желідегі жазбаларының бірінде неке қию рәсімі кезінде қандай қызық болғанын әңгімелеген еді. 

"Мен үшін үйлену тойымыз бір қойылым секілді өтті де кетті. Себебі некемізді қиятын АХАЖ бөлімінің қызметкері тойымызға келмей қалды. Ол жағдайды естіген Ғабит Мүсірепов атындағы ТЮЗ-дің әртістері әрі сол кездегі менің әріптестерім аяқ асты өздері нике қию рәсімін ұйымдастырып жіберді. АХАЖ қызметкері рөлінде Жібек Бектемірова апамыз біздің некемізді салтанатты түрде қиып, рәсімді жақсылап тұрып өткізіп берді. Лидия Кәденова апамыздың әні мен биінің өзі бір қойылым. Айдос Бектеміров ағам мен Айгүл Иманбаева әпкеміз "Қыз Жібек" спектаклінен ария орындап, естен кетпес қуаныш сыйлаған. Кәсібиліктің шыңы деген сол шығар. Сонымен не керек би де, тілек те, ойын да, ән де, сыйлық та, тіпті "Ешкімге көрсетпеймін" әніне бейнебаянды да түсіріп тастадық. Ал, ол бейнебаянды, енді 10 жылдан кейін көрсетеміз", - деген еді Әбдікәрімова Instagram желісіндегі парақшасында.

Ал Қайраттың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова сұхбаттарының бірінде Жұлдыз есімді келіні барын айтып, оның арманын жүзеге асырғысы келетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол "келінін жұрттан жасырып, үй қамаққа алған" деп ойлайтындарға да өз жауабын берген болатын.

"Жұрт ойлағандай, Жұлдыз біреудің етегіне қарап отырған жан емес, оның да өзінің ойы, арманы бар. Қасында жүргеннен кейін іштарлық болады, қыздар қызғанады. Сосын қалай да кедергі жасауға тырысады. Жұлдыздың арманы - дәл қазір шыға салу емес. Оның өзінің арманы бар. Мен сол бойынша жұмыс істеп отырмын, ақылдасып, кеңесіп", - деп мәлімдеген еді Қайраттың анасы.

 Кешіккен той

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі 2017 жылы 17 қазанда Rixos Almaty қонақүйінде үйлену тойын дүркіретіп өткізген еді. Әртіс отау құрғанына біраз уақыт өтсе де, мұны көптен жасырған болатын. Оның жарының есімі - Толқын Тұрарбекқызы. Толқын - Алматы облысының тумасы, ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде бакалавр мен магистратурасын тәмамдаған.

"Мен өзім Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында туып-өскенмін. Отбасымда бес бауырым бар. Әпкем мен өзімнен кейін үш інім бар. Ата-анам, бәрі осы Алматы қаласында тұрады", - деген еді Толқын Тұрарбекқызы өзі туралы.

Ал Төреғали Төреәлі үйленгеніне біраз уақыт өткеннен кейін жасалған тойы туралы айтқан болатын.

"Сөзімде тұрдым деуге болады. Өйткені мен үйлену тойын жасаған кезде мұқым қазаққа жария қылып, айтамын деп уәде берген едім. Сол уәдеде тұру керек, жігіттің екі сөйлегені өлгені. Оған бәрі таңғалып жүр. Келіншегімнің өзі сөйтіп таңғалып жүр қазір", - деген еді ол.

Ал әншінің сол кездегі продюсері Жан Мұқанов 2017 жылы берген сұхбатында әншінің екі баласы барын айтқан болатын.

"Қалыңдықтың есімі - Толқын. (...) Олардың шын мәнінде некелесіп қойғанын түсінген маңызды. Жұптың екі баласы бар. Тек олардың тойы өтпеген, қыз ұзату тойы ғана болған еді. Сол кезде Төреғали той өткізе алмаған еді. Енді міне, тойын өткізгелі жатыр. Олардың некелескеніне 3 жылға жуық уақыт болды", - деді Жан Мұқанов. 

Қазір Төреғали мен Толқын бес бала тәрбиелеп отыр. Толқын да көпке танымал. Ол психолог ретінде білімін жетілдірген. Сондай-ақ, қазір Желіде белсенді блогерлер қатарына қосылған.

Толқын сұхбаттарының бірінде үлкен той неге 3 жылдан кейін болғанын түсіндірген еді. 

"Ұзатылып келдім, беташар өтті. Үлкен тойымыз болған кезде халықпен бөлісеміз деген ұйғарым болды. 3 жылдан кейін осылай бұйыртқан шығар. Бірақ 3 жылға дейін арамызда "тойым болмай қалды", "неге той жасамай жатырмыз?" деген сұрақтар туындаған жоқ. Үйленгесін оның гастрольдік сапарлары басталып кетті. Менің де балаларым қатар-қатар болды. Сол өмірімізге көңіліміз толып жүріп, тойымыз 3 жылға созылып кеткенін білмей қалыппыз. Ол "сені қарапайым ұзата берсін. Сол жерде өзім үлкен той жасап беремін" деді. Отау құрып жатқан кезде, ондай жағдайы болмады. Үлкен тойымызды өзі уәде еткен Rixos-та жасап берді", - деді ол.

"Таныстыратын сәт келді" 

Үйленгенін біраз уақыт жасырғандар қатарында әнші Ернар Айдар да болған еді. Өйткені әншінің шаңырақ құрғаны туралы жаңалық Желіде 2017 жылдың тамызында тараған болатын.

Желідегі ақпаратқа сәйкес, әнші жасырын үйленген. Суреттер мен видеолар тарап кеткеннің өзінде әнші ресми мәлімдеме жасамаған еді.

Алайда ол 2021 жылы отбасылық суреттерін Instagram желісіндегі парақшасына жариялады. Ернар Айдардың сөзінше, жарының есімі - Мадина. 

"Алланың қалауымен, таныстыратын сәт келген сияқты. Бұл менің отбасым, Аллаға шүкір. Жан жарым, махаббатым - Мадина, мен (Мадош) деп атаймын. Үлкені, әжесінің қызы - Айшолпан 2-жастан асты. Кішкентайымыз Айым, әжесі Айым қара шайым деп атайды 1 жасқа толды", - деген еді әнші. 
 

 Екеуі де өнер адамы

Шоу-бизнесте шаңырақ көтергенін жасырған жұлдыздар қатарында Роза Рымбаеваның ұлы мен келіні де бар. 

stan.kz

Ел арасында бұл жұп біраз талқыға түскен еді. Өйткені ұзатудан фотолар тарап кеткен болатын. Сондай-ақ, ұзату карантин кезінде өткен еді.

Ақеркенің ұзату тойы Атырау қаласында дүркіреп өтті. Алайда әлі күнге олар жеке өмірі туралы ашып айтпайды. Тек Роза Рымбаева сұхбаттарының бірінде бала-келінін бөлек шығарғанын айтқан еді.

 "Көбі кино деп ойлады"

Желіні дүр сілкінткен жаңалықтың бірі әнші Айқын Төлепберген мен КешYOU экс-солисі Жұлдыз Өмірғалидің шаңырақ көтеруі болды. Желіде Жұлдыз Өмірғалиге сырға салынып жатқан видео тараған еді.

Видеода бір топ адамның Жұлдыз Өмірғалиді үйінен шығарып салып жатқаны көрінеді. Ал кейін Айқын оны сүйіп, көтеріп алып бара жатады.

Алайда Айқын Төлепберген бұл кадрлардың фильм түсірілім жұмыстары кезінде түсірілгенін айтқан болатын. Әнші мұның қандай фильм екенін айтқысы келмеген. 

Жұлдыз Өмірғали - Тұрар Рысқұлов атындағы техникалық университетті тәмамдаған. Ол КешYOU тобына 2014 жылы келіп, кейін жеке өнер көрсетіп, топтан бөлек шығып кеткен еді. 

Қазір бұл жұптың отбасылық өмірі көпке мәлім әрі олар бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Айта кетейік, Айқын Төлепберген бұған дейін де шаңырақ көтерген.

"Ұзақ уақыт келіспей жүрді"

Тұрмысқа шыққанын жасырғандар қатарында шоу-бизнес арулары да бар. 2021 жылы әншінің продюсері Жан Мұқанов Тамара Асар тұрмысқа шыққаны туралы ресми түрде мәлімдеген еді.

Жан Мұқановтың айтуынша, Тамара Асар жұбайымен бұрыннан таныс. Есімі - Жұмаш, кәсіпкер. 

"5-6 жылдай кездесті. Тұрмысқа шығуға ұзақ келіспей жүрді", - деген еді Жан Мұқанов.

Ал олардың тойы жақын адамдарының арасында ғана өткен. Продюсердің айтуынша, бұл жаңалықты Тамара Асардың жақындары бұрыннан біледі. Алайда халыққа ресми түрде 2021 жарияланды. 

Жақында әнші Желіде жарымен таныстығы туралы сөз қозғаған еді.

"Шымкент аэропортының VIP залында... Мүмкін, кейін айтып берермін. Екеуміз де ересек адам болған соң ертегі қылып, жырлап жазуға ыңғайсызданамын. Мен жайында түк білмеді, көпке дейін түсінбей жүрді. Қостанайдың 65 пайызы мені танымайды. Көшеде, базарда, дүкенде еркін жүре беремін", - деді ол.

Қазір олардың бір қызы бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова