Риддерде төтенше жағдай жарияланды

Риддерде төтенше жағдай жарияланды
Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official

"Риддер ЖЭО" АҚ-да апат болып, салдарынан 22 мың абонент жылусыз қалды. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

5 қарашада сағат 20:00-де "Риддер ЖЭО" АҚ-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, салдарынан № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апат жағдайында ажыратылған.

Салқындатқыштың температурасы жоспарланған +70 градуста +39 градусқа дейін төмендеді. Бүгінде қаланың 22 мыңнан астам абонентіне жылу беру төмендетіліпті.

7 қарашадан бастап оқушылар қашықтан оқиды, сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелер жұмысын тоқтатады. 

Облыс әкімі Даниал Ахметов түнде шұғыл Риддерге келген. Ол апат жағдайын жою жөніндегі штабты басқарады. Штаб тәулік бойы жұмыс істейтіні айтылады.  

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқыш ауыстырылды, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жұмыстары жүріп жатыр.

Апат салдарын жою үшін "Қазмырыш" ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Сондай-ақ, Өскеменнен көмек ретінде "Востоквзрывпром" ЖШС-нің 20 қызметкері келіпті.

"Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жіктемесін бекіту туралы" Үкіметтің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл апаттық жағдай жергілікті ауқымдағы ТЖ ретінде қарастырылады.

Жағдай әкімдіктің бақылауында. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина