- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 4 миллионға дейін....
4 миллионға дейін. Шоу-бизнес өкілдері тойға шығуға қанша сұрайды?
Танымал әншілер той бизнесін табыс көзіне айналдырып алғалы көп болды. Көбінің гонорары 2 миллионға дейін жетеді екен. Бұл туралы "Жаңа қадам" бағдарламасының журналистері шоу-бизнестегі жұлдыздардың өкілдерінен сұраған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бағдарлама мәліметінше, Ерке Есмаханның тойға шығу құны - 2 миллион теңге. Одан бөлек, екі адамға ұшу-қону билеті бар екен. Ал бұл ақшаға жеті-сегіз ән айту кіреді.
Ал МузАРТ тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің тойдағы гонорары 1 миллион 500 мың теңге болады. Бұл ақшадан бөлек екі адамға қонақүй және екі билет той иесінің қалтасынан кетеді.
Салыстырмалы түрде Мәдина Садуақасованың тойға шығатын гонорары аздау, яғни 1 миллион теңге. Алайда билет, қонақүй секілді дүниелер бөлек есептеледі.
"Екі бағытта билет, Мәдина Садуақасоваға бизнес кластан, директорына эконом кластан және қонақүйдегі екі нөмер, шығарып салу, күтіп алу. Екі рет шығады, 6-7 өлең айтады. Ұзату той болса, үш рет шығады. Бағасы басқаша. Онда 1 миллион 500 мың теңге болады", - деп жауап берген әншінің өкілі журналистерге.
Ал Мөлдір Әуелбекова өнердегі әріптестеріне қарағанда, "тиімді" әнші екен. Өйткені оны тойға шақыру 1 миллион 500 мың теңге болады. Бірақ билет, қонақүй секілді қызметтер осы бағаның ішіне кіреді.
Ернар Айдардың өкілі де толық жинаққа барлығы кіретінін айтқан.
"Бізде пакет 2 миллион теңге, жол, қонақүй - бәрі ішіне кіреді. 2 рет шығып, 8 өлең айтады", - деген әншінің өкілі.
Ал қазір жастар арасында танымал 2Rar лақап атымен белгілі әнші Тұрардың гонорары 2 миллион екен. Одан бөлек, екі адамға арналған ұшып-қону билеті, қонақүй бар. Бұл ақшаға ол алты ән айтады.
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов тойға 10 мың долларға шығады. Теңгеге шақсақ, шамамен 4 миллион 600 мыңның үстінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова