Сеул мэрі Хэллоуиндегі қайғылы оқиға үшін жылап тұрып кешірім сұрады

Сеул мэрі Хэллоуиндегі қайғылы оқиға үшін жылап тұрып кешірім сұрады
Фото: yna.co.kr

Сеул мэрі О Се Хун Итэвонда Хэллоуинді тойлау кезіндегі апат үшін кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мэр қалалық әкімдікте өз ұстанымын жариялау үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, "Тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты Сеул мэрі ретінде мен осы апатқа жауапты сезінемін және кешірім сұраймын" деді.

"Мен апаттан зардап шеккендер үшін дұға етемін. Қаза болғандардың туыстарына көңіл айтамын және қазір емделіп жатқан адамдардың тезірек сауығып кетуіне шын жүректен тілектеспін", - деді қала мэрі.

Сонымен қатар, ол қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

"Біз мұндай қайғылы оқиға қайталанбауы үшін шаралар қабылдаймыз", - деді ол.

Баспасөз мәслихатының ортасында сөйлей алмай, жылап алған мэр "Кеш кешірім сұрағаным үшін кешіріңіздер" деп бұрылып, көз жасын сүртті.

Айта кетейік, сенбіде түстен кейін 100 000-ға жуық адам Хэллоуиннің алғашқы демалысын атап өту үшін ойын-сауық ауданында болған. Осылайша, қысым салдарынан 50 адамның жүрегі тоқтап қалған. 

Артынша Хэллоуинді тойлау кезінде 155 адам қайтыс болып, 82 адам жараланғаны хабарланған болатын. Қаза тапқандар ішінде қазақстандық қыз бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш