- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "АрселорМиттал Теміртау" кенішінде...
"АрселорМиттал Теміртау" кенішінде апат болды: 5 адам қаза тапты
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" шахталарының бірінде газ шықты. Салдарынан 4 жұмысшы қаза тапты. Ақпаратты ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"3 қарашада 03:00-де Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтада бұрғылау кезінде газ жарылып кеткенін растаймыз. Апат салдарынан 4 жұмысшы қаза тапты, тағы бір жұмысшыны іздеу жалғасып жатыр, төртеуі ауруханаға жатқызылды", - деді ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Сондай-ақ, 106 жұмысшы эвакуацияланған.
"Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды. Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталады", - деп толықтырды ТЖМ өкілі.
Кейінірек Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді.
"Ленин атындағы кеніште болған ТЖ дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, зардап шеккен қызметкерлерге метаннан улану диагнозы, ал екеуіне сынық диагнозы қойылған. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, алғашында зардап шеккен кеншілер Шахтинск орталық ауруханасына жеткізілген.
"Алдын ала диагноз - метаннан улану. Зардап шеккендердің екеуі Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикология бөлімшесіне ауыстырылды. Уланудан бөлек, түрлі дәрежеде жарақат алған тағы екі адам Шахтинск қаласында", - деді басқарманың баспасөз қызметі өкілі.
Кейін сағат 9:09-да бесінші жұмысшының денесі табылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова