"Аю етін де сұраған". Жеріктік неден пайда болады?

"Аю етін де сұраған". Жеріктік неден пайда болады?
Фото: Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1899 ж.

Қазақта аяғы ауыр әйелдің жеріктігі неден болады? Ол кезде бала қандай да бір азықты қажет етеді деп саналады. Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне әйелдің жерік болуына қатысты деректер айтып берді.

Жерік дегеніміз не?

Маманның айтуынша, әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бала ана ағзасындағы дәрумендермен қоректене бастайды. Бірақ кей ананың ағзасындағы дәрумендер іштегі баланың өсіп жетілуіне, азықтануына жетіспейді екен.

"Жаңа ғана адам суретіне айналып келе жатқан бөбек ана денесінен таба алмаған азығын ендігі жерде сырттан іздейді. Осы кезде іштегі баланың қажет еткен дәрумендерін анасы өз ағзасымен қамдап бере алмайды. Бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Көксікті ас іздейді, жегісі келеді. Тоқ етерін айтқанда, жерік асы - әйелдің организмінде жоқ не өте аз дәрумендер. Мұны қазақ "ананың жерігі", "іштегі баланың көксігі" деп атайды", - дейді этнограф.

Жеріктіктің қандай түрлері болады?

Жүкті әйелдің жеріктігі кез келген тағамға не сусынға болуы мүмкін. Бірі белгілі бір малдың етіне, бірі жеміс-жидекке, тәтті шырынға, тағы бірі ащы немесе қышқыл тағамдарға жерік болады. Қыста қарбызға жерік болуы да мүмкін. Тіпті, топыраққа да құмартатындар болады. 

"Жерік асын қашан бір тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі басылады. Жерік асқа ауған аңсары тоқтайды. Көңілі жай табады, бойы кеңиді. Ойы сергиді. Жайбарақаттанып қалады", - дейді маман.


Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1899 ж.

Оның сөзінше, кей ананың жерігі бір жолғы аспен басылады. Ал кей ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі бір апта не бір айға жалғасады. Кейде арты-артынан түрлі асқа жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ "жұпты жерік" немесе "қайталама жерік", болмаса "созылмалы жерік" не "жарыспалы жерік" деп те атайды екен.

Сиыр етіне жерік болса

Қазақ жүкті әйел не нәрсеге жерік болса, кейін баласының мінезі жерік асына тартады деп сенген. Егер анасы аю етіне жерік болса, туған баласы аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңқау келеді. Жұмыс істегенде қорбаңдап, икемсіз болады. Әрекеті баяу, аяқ алысы ауыр, балпаңдап, жайбасарланып жүреді. Айтқан сөзді желкесімен тыңдайды, құлағы ауыр, мінезі сабырлы көрінеді деп сеніпті.

Ал бөрі етіне жерік болса, баласы көкжал бөрідей қайсар, жаужүрек батыр болады. Ел қорғайтын ер, көреген көзді алып азамат болады деп ырым етеді.

Әйел жүкті кезінде сиыр етіне жерік болса, баласы сиырдай күшті болады. Зор денелі келеді, адуын азамат болып ер жетеді деп нанады.

"Сиыр етінің жерігінен туған бала өңі суық, мінезі қырсық, бірақ іші жылы, сезімі ыстық болады. Егер мұндай адамға әлдебіреу көңіліне қарамай қарсы келсе, ол қарсы жағын мүлде мүсіркемейді. Бұқадай бұрқырап, сиырдай шайқап, мүйізді сөзбен аямай іреп-іреп тастайды", - дейді Болат Бопайұлы.


Киіз үйде отырған бір топ балалы әйел © А.Л.Мелков Семей, 1927 жыл

Ал әйел қой-ешкі етіне жерік болса, баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады деп сенеді.

"Жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, маржан тісті, шебер істі, мөлдір сезімді, иманнан ұят, ақылынан қуат төгіліп тұратын, жүрегі нұрлы адам болады деп ырым етеді. Өйткені, "қой Меккеден жаралған", - дейді маман.

Оның айтуынша, мұндай адам жан баласына қас қылмайды. Бәріне қарайласып, қамқоршы болып жүреді. Жүрегі жылы, сезімі ыстық келеді. Сөйлесе, бұлбұлдай сайрап кетеді.

Қазақ неге түйе етін жегізбеген?

Бірақ қазақ жүкті әйелге түйе етін жегізбеген. Этнограф Бағдат Мүптеқызының айтуынша, түйе өзінің төлін он екі ай көтеретіндіктен, оның етін жеген келіншектер жүктілікті дәл солай өткерген.

"Жалпы түйе өзінің төлін он екі ай көтеріп жүретінін барлығы білетін шығар. Осыдан да жүктілік кезінде түйенің етін жеуге болмайды деген ұғым қалыптасқан. Босанар мерзімі өтіп бара жатқан келіншектен "түйенің етін жеп алғансың ба?" деп сұраған. Бұл ырымның қазақтарда бары рас. Шынында да түйе етін жеген келіншектің жүктілік мерзімі ұзарады", - дейді этнограф.


Фото: Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1899 ж.

Сондықтан, Бағдат Мүптеқызының айтуынша, қазақ тіпті жаңа түскен келінге де, жүкті әйелге де түйе етін жегізбеген.

"Меніңше, оның денсаулыққа аса зияны жоқ, әрине. Бірақ жүктіліктің мерзімін создырмау мақсатында түйе етін мүлде қолданбаған. Түйе жүнінен жасалған көрпе-төсектерді қыздың артынан жасау ретінде де апармаған", - дейді этнограф.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш