Қайтыс болған адам түсіңе кірсе не болады?

Қайтыс болған адам түсіңе кірсе не болады?
Фото: Pinterest

Марқұм болған жақыныңызды не танысыңызды түсіңізде көрсеңіз түрлі оймен оянуыңыз мүмкін. Тіпті ол түс біраз уақыт есіңізден кетпей де жүреді. Мұндай жағдайда көрген түсіңіз ненің белгісі екенін білу қызық. Massaget.kz тілшісі марқұм адамды түсіңізде көру белгілері және оның қаншалық маңызды екенін анықтап көрді. 

Марқұм адам түсіңе кірсе не істеу керек?

Қазақ халқында түсіңе қайтыс болған жақыны кірсе "құран дәметіп жүрген шығар" деп әруағына Құран бағыштап, жеті шелпек таратып жатады. Islam.kz мәліметінше, бақилық болып кеткен жақыныңыз түсіңізге кірген жағдайда, құран бағыштасаңыз артық болмайды.

Фото: pexels.com

Қайтыс болған адамды түсіңізде көру ненің белгісі?

"Мұсылманша түс жору" тақырыбы төңірегінде жазылған кітаптарда марқұм болған адамның түске кіруіне байланысты әртүрлі жору жасалған. Қайтыс болған адамның тірі екенін көрсеңіз, бұл түс көрген адамның ісі жақсара бастайтынының және күтпеген жерден қиындықтан кейін жеңілдік болатынын білдіреді.

Қайтыс болған адамды түсіңде көрсең ұзақ өмір сүресің деген түсінік бар. Бірақ шын мәнінде марқұм адаммен түсіңізде ас ішіп отырсаңыз жасыңыз ұзақ болады екен. 

Түсіңізде өлген адаммен сөйлесу де ұзақ өмір сүретініңізді білдіреді. Одан бөлек, бұл әлдекімдермен талас-тартысқа түсіп, оны жеңіп шығатыныңыздың белгісі болуы мүмкін.     


© pexels.com

Жақыныңыздан айырылу оңайға соқпасы белгілі. Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ түсіңізде анаңыздың дүние салғанын көрсеңіз, бұл тұрмысыңыз тарығып, жағдайыңыз нашарлайтынын білдіреді екен. Егер марқұм анаңызды түсіңізде көрсеңіз денсаулығыңызға назар аударғаныңыз дұрыс.

Ал қайтыс болған адамды тірідей көру және оның тірі екенін, оның жағдайы жақсы екенін көру ол адам келесі дүниедегі жағдайы өте жақсы екенін көрсетеді екен.

Марқұм адамды түсіңізде не үшін көруіңіз мүмкін?

Егер жақын туысыңыз түсіңізде қайтыс болып, сізбен сөйлесе бастаса өмірлік ұстанымдарыңызды өзгерткеніңіз дұрыс. Өміріңізде өзгеріс жасап, өзіңізге зиян келтіретін бұрыс шешім қабылдаудан аулақ болуға тырысыңыз. Яғни бұл өзіңізді өзгерту қажет деген белгі болуы мүмкін. 

Ал марқұм туыстарыңызбен сөйлесіп жүрсеңіз, олардан түсіңізде "қашып", сөйлеспей қоюға болмайды. Олардың айтқысы келетін нәрсесін тыңдап көріңіз. Сіздің түпсанаңыз қандай да бір қиын жағдайдан жақындарыңыз арқылы шығуды ойлауы мүмкін.

Сіз түсіңізде көрген адамның қайтыс болғанына біраз жыл болса, отбасыңызда ауқымды өзгерістер болуы мүмкін. Марқұмның айтқанын зер салып тыңдау керек екені ғылыми дәлелденген деген деректер бар. Себебі адам ұйықтап жатқанда мидың "жасырын бөліктер" іске қосылып, қандай да бір проблеманы шешу жолдарын іздей бастауы мүмкін.

Фото: pexels.com

Марқұм болған туысыңызды не жақыныңызды өңіңізде ойлай берсеңіз де түсіңізде көруіңіз мүмкін. Тағы бір қызық дерек - түсіңізде адам өлгенін көрсеңіз ауа райы күрт өзгеруі мүмкін екен. Бұл халықтық түс жору кітабы бойынша болжам. 

Ал психологтар мұндай жайттарды, яғни қайтыс болған адамның түсіңізге кіруіне аса мән бермеу керегін айтады. Себебі ол тек марқұмды қатты сағынған болсаңыз және онымен кездескіңіз келетінін білдіруі мүмкін. Қайтыс болған және өліктерді түсте жиі көру созылмалы стрестің белгісі екен.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина