Кредит төлемесеңіз, банк жалақыңыздың қанша пайызын ұстай алады?

Кредит төлемесеңіз, банк жалақыңыздың қанша пайызын ұстай алады?
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Статистикаға сүйенсек, бүгінде 6,5 миллион қазақстандықтың кредиті бар. Ал кредит бойынша қарыз 10 триллион теңгеден асқан - былтырмен салыстырғанда 43 пайызға көп. Бұл несиесін өтей алмай жүргендердің саны аз емес екенін көрсетіп отыр. Салдарынан банк өкілдері қарыз алушының жұмыс орнына, туыстарына хабарласып, одан нәтиже болмаса, қарызды жалақысынан ұстап қалып жатады. Бірақ бұл қаншалық заңды? Нақты қандай жағдайларда банк борышкердің жалақысынан ұстап қалуға немесе оның жалақы картасын бұғаттауға құқылы? Осы және өзге де сұрақтарға заңгер Данияр Түймебаев жауап берді.

Заңгер банк пен қарыз алушы жасасқан келісімшарттарда қарыздың уақтылы, мерзімі бойынша төленуі тиіс екені көрсетілетінін айтады. Дегенмен, статистика бойынша, кредитті кешіктіріп төлейтіндердің саны азаяр емес.

Көрнекі сурет. Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Түймебаев осындай жағдайларда қаржы мекемесінің істі коллекторларға жолдап, мәселенің сот арқылы шешілетінін айтады. Сондай-ақ маманның сөзінше, банк кредит бойынша қарызы барлардың жалақы қартасынан ақша ұстап қалуға құқылы.

"Бұл іс сотқа жеткен болса ғана борышкердің банк картасынан қарызы үшін ақша ұстап қала алады. Себебі мұнда сот орындаушысының дәлелі мен қажетті құжатттар бар. Ең бастысы - банк пен клиент арасында жасасқан келісімшартта белгілі бір мерзім көрсетілуі тиіс, яғни қарыз сол мерзімге дейін өтелмеген жағдайда банк жалақы картасынан ақша ұстай алады. Кейбір жағдайларда клиенттер өздері жалақысынан белгілі бір соманы ұстап отыруға өтініш жазып, рұқсатын беріп жатады", - дейді заңгер.

Кредит алғанда кепілгер болудың қандай қаупі бар?

Бірақ Түймебаевтың айтуынша, банк жалақының барлық сомасын ұстап қала алмайды.

"Банк әлеуметтік көмек, алимент, балаларға берілетін жәрдемақы, басқа да жағдайларға қатысты берілетін өтемақыларды ұстап қала алмайды. Банк картасындағы барлық ақшаның көп болса 50 пайызын ғана ұстай алады. Одан көп ақша ұсталған жағдайда клиенттің прокуратураға банктің заңсыз әрекетіне шағымданып, өтініш қалдыруға құқығы бар", - дейді заңгер.


elements.envato.com

Кредит төлемесеңіз, банк жалақыңыздан ұстай ала ма?

Маман сот үкімі шықпайынша, банктің жалақы картасын бұғаттауға құқығы жоқ екенін айтады. Ал қандай да бір сот үкімі шықпаса, банк ол шығынды өтеуі тиіс болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина