Ананди мен Кальяни. "Келін" сериалының актерлері қазір қайда жүр?

Ананди мен Кальяни. "Келін" сериалының актерлері қазір қайда жүр?

Үнді сериалы десе, көбінің ойына бірден "Келін" түсетін шығар. Сегіз жыл бойы көрсетілген телехикаяда көптеген кейіпкер болды. Бірақ көбі Ананди, Жагдиш пен Кальяниді ұмытпаған шығар. Massaget.kz тілшісі "Келін" сериалының актерлері қазір қайда жүргенін іздеді.

Телехикаяның негізгі атауы - Balika Vadhu, хинди тілінен аударғанда "Бала келін" дегенді білдіреді. Ол 2008-2016 жылдар арасында түсірілді. 2 248 бөлімнен тұрады. 

Телехикая сюжеті Раджастандағы ауылдардың бірінде өрбиді. Онда түрлі әлеуметтік проблемадан бөлек, балалар некесі де көрсетіледі. Ананди сегіз жасында Жагдишке күйеуге беріледі. Жагдиш - Кальяни Девидің жалғыз әрі ерке немересі. 8 жасында күйеуге берілген Ананди жаңа отбасына үйреніп, жаңа ролін қабылдайды. Телехикая Анандидің кішкентай кезінен бой жетіп, ақыл тоқтатқан кезіне дейін өрбиді.

Бала Анандиді сериалда Авика Гор сомдады. Ол "Келін" сериалына екі жыл түсті. Артынша 2011 жылы Sasural Simar Ka ("Симар күйеуімнің отбасы") сериалына түсіп, онда бес жыл ойнады. Осы екі сериалдан соң Авиканың танымалдығы арта түсті. 

Қазір сериалдар мен фильмдерге тұрақты түсіп жүр. Биылдың өзінде Авика Гор түскен төрт фильм жарыққа шықты. Оның бірі - Нұрлан Қоянбаевтың қазақстандық I go to school фильмі.

Авика Гордан кейін Анандидің бойжеткен кезін Пратюша Банерджи сомдады. Пратюша үшін "Келін" телевизиядағы үлкен қадам болатын. Ол кезде жасы 19-да еді. Пратюша Банерджи "Келін" сериалына 2013 жылға дейін түсті. 

Бұл телехикаядан кейін Пратюша жұлдызға айналды. Ондаған тележобаға қатысты.  Hum Hain Na ("Біз осындамыз") және Adhuri Kahaani Hamari ("Біздің аяқталмаған оқиғамыз") сериалдарында басты рольде ойнады. Одан бөлек, Авика Гормен бірге "Симар күйеуімнің отбасы" сериалына түскен.

Жұлдызы жанып тұрған Пратюша Банерджи 2016 жылы 25 жасында қайтыс болды. Полиция ол өз-өзіне қол жұмсады деген тұжырымға келсе, туыстары актрисаны жігіті өлтірді деп айыптаған. Актриса 20-дан аса тележобаға түсіп кеткен.

Торал Распутраны да осы Ананди танымал қылды. 2013-2016 жылдар арасында Анандиді сомдады. Бұл жобаға келмес бұрын да ол бірқатар сериалға түскен. Кейін бірқатар жобада Ананди образымен эпизодтарда ойнаған. Қазір Dharm Yoddha Garud сериалына түсіп жатыр. Жасы 35-те.

Ал Жагдиш Сингхтің бала кезін Авинаш Мукерджи сомдады. Ол жобаның алғашқы екі жылына қатысты. "Келіннен" кейін жұлдызы жанған Авинаш үндінің бірқатар сериалына түсті. Қазір 25 жастағы актер Sasural Simar Ka 2 сериалына түсіп жатыр. 

2010 мен 2015 жылдар арасында Жагдиштің ролінде Шашанк Вьяс ойнады. Бұл оның телесариалдардағы дебюті болатын. 2015 жылы жобадан кейін Шашанк екі сериалға түсті. Қазір 35 жастағы ол актерден бөлек, модель саласымен де айналысады.

Жобаның соңғы бір жылында Жагдишті Шакти Ананд сомдады. "Келін" сериалына келмес бұрын ол 25-тен аса жобаға түсіп тастаған. "Келін" аяқталған соң да ол түрлі сериалда ойнап жүр. Қазір жасы - 47-де. 

Телехикаяда Анандидің екінші жары Шиврадж Шекхар ("Шива") ролінде Сидхарт Шукла ойнады. Ол жобаға 2012-2015 жылдар арасында түсті. Сюжет желісі бойынша, лаңкестермен қақтығыс кезінде қаза табады. Бұл роль оны бүкіл үнді халқына танымал етті. Ол Үндістанда актер, модель әрі жүргізуші ретінде танылды. Сериал, фильмдерден бөлек, көптеген реалити-шоуға қатысқан. 2016 жылы "Қазақша бизнестің" алғашқы бөліміне мистер Чакраборти ролінде түскен.

Сидхарт былтыр қыркүйекте 40 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Оны қимайтын жанкүйерлері оның Instagram-дағы соңғы суретіне күн сайын "қайырлы таң", "қайырлы түн" деп жазып жүр екен. Бүгінде ондағы пікірлер саны 260 мыңнан асқан.

Сериалға бастан аяқ түскен аз әртістің бірі - Сурекха Сикри. Ол Кальянидің ролінде ойнады. Сурекха Сикри актриса ретінде карьерасын 1977 жылы бастаған. Содан бері 30 фильм мен 18 сериалға түскен. Ол былтыр шілдеде жүрегі тоқтап, 76 жасында қайтыс болды. Оған дейін екі рет инсульт алған екен. Соңғы ролі Kya Meri Sonam Gupta Bewafa Hai? ("Менің Сонам ​​Гуптам опасыз ба?") фильмі болды. Бұл туынды актриса қайтыс болғаннан кейін шықты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш