Президент сайлауы-2022: үміткерлер тізімі

Президент сайлауы-2022: үміткерлер тізімі
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну кеше 18.00-де аяқталды. Бүгінде 12 кандидат құжат тапсырғаны белгілі. Massaget.kz тілшісі сайлауға кімдер ұсынылғанын баяндайды.

Кезектен тыс президент сайлауы биыл 20 қарашада өтеді. 


Жигули Дайрабаев. Фото facebook.com

Алғаш болып Жигули Дайрабаев "Ауыл" партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. 

"Бар күшімді Қазақстанның және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына саламын", - деген еді Дайрабаев. 

Жигули Дайрабаев - "Атамекен" ҰКП Төралқасы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы.

Қазақстан фермерлері қауымдастығы сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Жигули Дайрабаев 68 жаста. Үйленген, үш баласы мен жеті немересі бар.


Нұрлан Әуесбаев. Фото: Tengrinews.kz©

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы президенттікке Нұрлан Әуесбаевты ұсынды. 

Нұрлан Әуесбаев - ЖСДП елордалық филиалының басшысы, 1957 жылы туған. Түркістан облысының тумасы, Астана тұрғыны.

Жоғары білімі бар, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Ұзақ уақыт Жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарда жұмыс істеген.


Мейрам Қажыкен. Фото:mssi.kz

Тіркелмеген Yntymaq партиясының жетекшісі президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Ол - Мейрам Қажыкен.

Мейрам Қажыкен 61 жаста, Павлодар облысының тумасы. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры, әлеуметтік-экономикалық жүйені, бейімделген экономиканы дамыту және Қазақстан Республикасының Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі тұжырымдамасы жөніндегі кітаптардың авторы.

Мейрам Қажыкен Yntymaq партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың көшбасшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Төртінші болып Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке қайта сайлануға құжаттарын тапсырды.

Оны Amanat, "Ақ Жол" мен Қазақстан Халық партиясы президенттікке ұсынған. Бірақ Тоқаевтың өзі қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясы атынан қатысуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 

Кейін Орталық сайлау комиссиясы Тоқаев президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарға сай келетінін айтқан. Заң бойынша қазіргі Президентке мемлекеттік тілді білуге ​​емтихан тапсыру қажет емес.


Қарақат Әбден. Фото:instagram.com/abdenkarakat

Одан кейін Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсы президенттікке үміткер ретінде Қарақат Әбденді ұсынды.

Қарақат Әбден 1974 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын "экономист-маркетолог" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы қаласындағы "Орда" жеке коммерциялық фирмасының экономисі ретінде бастаған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің ірі салық төлеушілер департаментінің жетекші маманы болып жұмыс істеген.

Ол алтыншы шақырылған Астана мәслихатының депутаты болған.

Қарақат Әбден - төрт баланың анасы, қоғам қайраткері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі.


Талғат Ерғалиев. Фото:sskaz.kz

Талғат Ерғалиев те кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырған.

Ол "Қазақстан Құрылысшылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен ұсынылды.

Ерғалиев 56 жаста, Ақмола облысының тумасы. 2012-2016 жылдар арасында V шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. 2010 жылдан бері "Қазақстан Құрылысшылар одағын" басқарады. 


Жұматай Әлиев

Президенттікке құжатын тапсырғандар қатарында Жұматай Әлиев бар. Ол "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінен ұсынылып жатыр. 

Өткен сайлауда Әлиев қазақ тілі емтиханынан сүрінген болатын. Мамандар "Мемлекет және дін" тақырыбындағы оның шығармасынан 19 қате тапқан.

Жұматай Әлиев 1952 жылы 20 маусымында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ленинградтың мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған, философ, экономист. Философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі.

2001 жылдан 2008 жылға дейін Әлиев Қазақстан халқы Ассамблеясында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Сондай-ақ, ол Мәжіліс депутаты да болған.


Салтанат Тұрсынбекова. 24.kz видеосынан кадр

Соңғы болып Салтанат Тұрсынбекова үміткер болды. Ол "Қазақ аналары - дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылды.

Салтанат Тұрсынбекова әр жылдары мемлекеттік құрылымдарда, Жоғарғы Сотта жұмыс істеген, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі, сонымен қатар "Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі.


Хайролла Ғабжалилов. Фото: abai.kz

Үміткерлер құжатын қабылдауды аяқтауға аз уақыт қалғанда Хайролла Ғабжалилов тоғызыншы кандидат болды. Ол оралмандардың "Асар" бірлестігі атынан шығып жатыр. 

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Хайролла Ғабжалилов 1950 жылы туған. Ол 90-жылдары Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгені жасаған дизайнерлер тобының құрамында жұмыс істеген.


Бақыт Жаңабаев. 

Одан кейін Бақыт Жаңабаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарды ұсынды. Ол "Қазақстан футбол әуесқойлары лигасы" қоғамдық бірлестігінің атынан шықты. 

Бақыт Жаңабаев 46 жаста. Астана мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс істейді.


Фото: facebook.com

Одан бөлек "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігі Фатима Бизақованы президенттікке үміткер ретінде ұсынды. 11 қазанда тиісті құжаттар ОСК-ға тапсырылды.


Нұржан Әлтаев. Фото: Тұрар Қазанғапов

Тағы бір кандидат - Нұржан Әлтаев. Ол 44 жаста. Кандидат ретінде құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына өткізген. "Мұқалмас" үкіметтік емес ұйымының атынан шықты. Бірақ ұйым филиалдарының жетекшілері қоғамдық бірлестіктің отырысының хаттамасы бұрмаланғанын айтып шағымданған. Қазір оны ОСК тексеріп жатыр.

Қазақстан Республикасы сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрон тізіліміне сәйкес 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика сайлаушыларының жалпы саны 11 миллион 827 мың 277 адам. Осылайша, президенттікке кандидатты кем дегенде 118 273 сайлаушы қолдауы керек.

21 қазанда сағат 18:00-де сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ол 28 күнге созылады.19 қараша - тыныштық күні.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш