Ертеде қазақ балаларының шаш және киім үлгісі қандай болған?

Ертеде қазақ балаларының шаш және киім үлгісі қандай болған?
Фото: Мелков А.Л. Балалар тобы. Қазақстан, Семей, 1927

Әрбір қазақ үшін баланың дүниеге келуі - бақыт. Қазақ танымында әр баланың өз несібесі бар. Бала дүниеге келгеннен бастап, жақын-дос арасынан сүйінші сұрап, балаға бәсіре атаған. Қазақ баласының тәрбиесіне, киім киісіне, кәсібі мен ойнына да аса мән берген. Massaget.kz тілшісі ертедегі қазақ балаларының бейнесіне шолу жасады. 

Дудин С.М. Қазақстан, Семей, 1899

Шаш алу

Балаларда бір жасқа толғанға дейін жыныстық айырмашылықтар аса байқалмаған. Қазақта бала бір жасқа толғанда шашқа ерекше көңіл бөле бастаған. Ұлдарға айдар қойса, қыздарға тұлым қойған. Бірақ бұл өмір бойына қойылған шаш үлгісі емес, көбіне бала беске келгенде сүндетке отырғызып, қыздардың құлағына сырға тағып, шаштарын алады. Қазақ шаш алғанда да, тұлым мен айдар қойғанда да жұртты шақырып, жиын өткізген. 

Баланың алғашқы шашын алуға ауыл үлкендері мен даналарын шақырған. Тіпті шаш алатын ұстараға аса мән берген. 

"Қарын шашты екінің бірі ала бермейді. Сәбидің шашын алғаш рет аталас туыстардың ішіндегі немесе ауылдағы көпті көрген қария алуы қажет. Баланың шашына бірінші кімнің қолы тисе, сәби соның мінезіне ұқсайды деп ырымдаған", - дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Дудин С.М. Қазақстан, Семей, 1899 

Кей деректерде қыз баланың шашын 7-8 жасқа дейін алғаны айтылады. Кейін тұлымын өрімге қоса бастаған. Шаш өрімін жоғары және төменгі бөлікке бөліп, ұсақ-ұсақ етіп өрген. 

Дудин С.М. Қазақстан, Семей, 1899 

Киім

Балалардың киімдері жасы мен жынысына, отбасының материалдық және әлеуметтік жағдайына қарай, ал шаш үлгілері мен әшекейлер өмір салтымен ерекшеленді.

Сәби туылғаннан бір жасына дейін жыныстық ерекшелігіне қарап киіндірмеген, тек қырқынан шыққанда ит көйлек кигізген. 

Балалар арасындағы жыныстық ерекшелік 7-11 жас аралығында байқалған. Қыздар қарапайым зергерлік бұйымдар - сырғалар мен жалпақ білезіктерді тағып, көбіне үкісі бар тақия, телпек, кепеш немесе теріден жасалған жылы бөрік кие бастаған. Әрбір қыздың камзолы мен жеңсізі кестеленген және өрілген, ол тиындар мен кестелермен безендірілген.

© Kazakh-tv

Кәсіп

Қазақтар 13-15 жастағы балаларды ересек деп санап, қоғамдық жиналыстарға қатысуға, шаруашылық және өндірістік жұмыстарға белсене араласуға рұқсат еткен.

Ер баланы ертеден атқа отырғызып, еңбекке араластырған. Мәселен, балалар қозы баққан, ал кейбірі тіпті ұсақ-түйек сатқан. Сондай-ақ, зергерлікке, саятшылыққа баулыған. 

Дудин С.М. Қазақстан, Семей, 1899 

© surak.szh.kz

Ал қыздарға киіз тоқып, киім тігу кәсібін үйреткен. 

Дудин С.М. Қазақстан, Семей, 1899 

Ойын түрлері 

Ертеде балалар ойыны тек асық, ақсүйекпен шектелмеген. Ойынның көбі заманға сай батырларды дәріптеуден туындаған. Одан басқа, аңға, малға, түрлі зат атауларына байланысты, сондай-ақ, зеректілікті, ептілікті және икемділікті дамытатын ойындар болған. Мысалы: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр. аларман, асау көк, соқыр-теке, жемекіл, орамал тастау, айгөлек, атқума, қарамырза, тең көтеру, тымпи-тымпи. 

Дудин С.М. Қазақстан, Семей, 1899 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек