- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ баланы неге...
Қазақ баланы неге қырқынан шығарады?
Қазақ баланы неге қырқынан шығарады? Бұл дәстүр қайдан шыққан? Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне қазақтың бүгінге дейін жалғасын тапқан дәстүрі туралы айтып берді.
Маманның айтуынша, қазақтың баланы қырқынан шығару дәстүрі өте ерте замандардан бастау алады.
"Жаңа туған сәбиді 40 күн толғанда ауыл аналары жиналып, бір ақсарбас еркек тоқтыны тойға арнап шалып, мол дастархан жаяды. Ұл баланы 40 не 41 күнге, ал қыз баланы 37 не 39 күн толғанда "қырқынан шығару" ырымын өткізеді. Қыз бала ұл балаға қарағанда тез ширайды. Ұл бала баяу ширайды. Қыз бала 9 жасында, ұл бала 12 жасында балиғатқа толатыны содан", - дейді ол.
Мелков А. Л. Киіз үйдегі әйелдер мен балалар. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1927 жыл
Этнограф баланы неге қырқынан шығаратынын түсіндірді. Бұған ғылыми жауап та бар екен.
"Жалпы алғанда, баланы қырқынан шығарудың керемет ғылымдық және философиялық танымы бар. Жаңа туған баланың мойны 40 күнде бекиді, еңбегі 40 күнде қатаяды. 40 күнде бала толық қара құлақтанады. Бала туған үйге түнде таң атқанша 40 күн шырақ жағып қояды. Ол бір жағы қауіп-қатерден сақтаса, енді бір жағы өмір бойы жарығы сөнбесін деген ырым. Оттай маздап өссін деген жақсы ырымы. Босанған ананың да белі 40 күнде қалпына келеді, 40 күнде толық қол-аяғын бауырына алады. Қалжа жеп қалжырағаны басылады. Қазақ осындай ерекшеліктерді ескере отырып баланы қырқынан шығару деген өте тамаша, керемет маңызы бар дәстүр-салтты жасаған", - дейді ол.
Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1899 ж.
Болат Бопайұлының сөзінше, қазақ ырымында баланы қырқынан шығару тойына көбіне әйелдер, қыз-келіншектер қатысады.
"Алдымен күміс тегене немесе ағаш, болмаса сырлы тегенеге күміс жүзік, білезік, сырға, алқа сынды зергерлік бұйымдар салып, оның үстіне 40 әйел 40 қасық су құяды. Әр әйел суды ыдысқа құяр бұрын дауыстап үш жақсы тілек айтады. Мысалы, "Өмірлі бол", "Өнерлі бол", "Өркенді бол" деген тәрізді. 40 ананың балаға арнап айтқан тілегін аяқтап, баланы жуындыратындай болғанда, баланың кіндік анасы баланы сол сумен толық шомылдырады. Су баланың барлық денесіне жұғуы керек. Толық жуылмаса, кейін балаға шілде қотыр шыққыш болып қалады деп сенген", - дейді Болат Бопайұлы.
Оның айтуынша, баланы қырқынан шығарар алдында оның 40 күн киген "ит жейдесін" шешу рәсімін де өтейді. Ол жейдеге тәттілер, құрт, ірімшік түйіп, бір жуас иттің мойнына байлап қоя береді.
"Ол итті балалар қуып жүріп ұстап алып, әлгі иттен жейдені шешіп алып, ішіндегі дәндерді бөлісіп жейді. Сосын итжейдені үлкендерге әкеліп береді. Ол жейдені сол ауылда бала көтере алмай жүрген жас келін болса, соған береді. Ол жейдені 40 күн басына жастап жатса, бала көтереді деп ырым етеді. Ал ондай жағдай жоқ болса, итжейдені баланың әкесі таза сандыққа салып сақтайды, алыс сапар алғанда, жорыққа шыққанда, аң аулағанда, дауға, жауға барғанда тұмар етіп, оң жақ қолтығына тығып алып жүреді, "сол кезде жолым болады" деп сенген. 40 күн періште күзеткен жейде киелі деп ырымдайды", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш