- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баланы "күйеуі" сияқты...
"Баланы "күйеуі" сияқты қабылдайды". Ене ұлын келіннен неге қызғанады?
Ranking.kz мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылғы қаңтар мен маусым аралығында Қазақстанда 55,1 мың жұп неке қиған. Былтырмен салыстырғанда бұл 15,2 пайызға аз. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта ажырасқандар саны 9 мың болған, былтырмен салыстырғанда 5 пайызға төмендеген. Қалаларда ажырасу дерегі 3,1 пайызға, яғни 7,1 мыңға дейін, ауылдарда 11,8 пайызға, яғни 1,9 мыңға дейін қысқарған. Дегенмен елде ажырасу дерегі әлі де түбегейлі азаймай тұрғаны белгілі. Бұған әкелетін тұрмыстық себептің бірі - отбасындағы кикілжің.
Ене мен келін тақырыбы - көпке таныс осындай тұрмыстық мәселенің бірі. Кейбір жағдайда мұндай оқиғаның аяғы ажырасумен аяқталып жататыны жасырын емес. Өзге үйде еркелеп өскен қыз бала жаңа отбасының, жаңа үйдің заңдылығына тез үйрене алмай жатады. Осындай кездегі даулы мәселенің бірі - ененің баласын жаңа түскен келіннен қызғануы. Massaget.kz тілшісі психолог Нұрсұлу Сейдаковамен сұхбаттасып, ененің қызғанышы қаншалық дұрыс екенін, психологиялық тұрғыда мұның себебі неде екенін сұрады.
"Психологқа тек келін жүгінбеуі керек"
Маман Нұрсұлу Сейдакованың айтуынша, ХХІ ғасырда тек келін психологиялық тұрғыда өз-өзімен жұмыс істемеуі керек, бұл мәселені бәрі бірігіп шешуі қажет.
"Қазіргі заманда ене мен келін тақырыбы өте өзекті. Өйткені Қазақстанда ажырасу көрсеткіші жоғары. Ажырасуға әкеп соғатын себептердің бірі - ене мен келін тақырыбы. Маған ажырасқаннан кейін жүгінетін жастар "енем, қайын әпкем арамызға түсе берді" дейді. Психологқа ене де, келін де, күйеу де жүгіну керек", - дейді психолог.
"Өмірдің мәні балада емес"
Психолог бала ата-ананың өмірінің мәні емесін айтты. Өйткені әйел тұлға ретінде өзі үшін өмір сүруі қажет.
"Әйелде екі миссия болады. Бірі - гендерлік миссия, екіншісі - кәсіби миссия. Екеуін тең ұстау керек. Кәсіпке кеткен әйелдерде отбасындағы қатынас дұрыс болмайды немесе ерте отбасын құрғандар өз-өзін дамытпай жатады. Көп әйелдің қателігі - бала дүниеге келген соң "баланы өмірдің мәні" деп санау. Кез келген адамға "бала өмірдің мәні емес" десем, маған қарсы шығады, әсіресе, үлкендер жағы. Шын мәнінде, бала өмірдің мәні емес. Әйел өз-өзін ұмытпау керек, бүкіл өмірін балаға арнамау керек. Ана бақытты болса, ана жақырап жүрсе, өмірге көңілі толса, бала тұлға болып қалыптасады. Тура сол секілді қазір ене болып жүрген аналар өмірін балаға арнаған, өз өмірін екінші орынға ысырып тастағандар, баладан басқа қызығы жоқ, сондықтан осы мәселе туындап жатады. Табиғатта тірі жаратылыстың барлығы жұбымен өмір сүреді. Айналаға қарасақ, тіпті құстар да баласының қанаты қатайған соң, ұясынан өзі-ақ шығарып жібереді. Баладан жұбың маңызды. Бала туғанда махаббатыңызды ұмытып, жұбыңызды екінші орынға ысырмау керек. Бізде "бала - өмірдің мәні" деп, баланы қатты қамқорлыққа алады", - дейді маман.
Баланы "күйеу" есебінде қабылдау
Маманның сөзінше, ажырасқан әйелдің көпшілігі баласын "күйеуі" секілді қабылдайды. Сондықтан баланың да дәл солай анасынан кіндігі ажырамай қалады.
"30-35 жастағы әйелдің 10-15 жастағы баласы бар десек, күйеуі болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Ажырасқан әйелдер болса, баланы өзі жетілдірсе, тіпті қиын. Энергетикалық тұрғыда баласын "күйеуі" секілді қабылдайды. Күйеуі жоқ болған соң, баласымен ақылдасады, соған сенім артады. Өзінің өмірі жоқ. Баласын жеке меншігіндей көреді. Өмірін соған арнаған соң, қалай баласын біреуге беріп қояды? Бар мәселе осыдан. Әйелдің жеке қызығушылығы жоқ, өзін тұлға ретінде қалыптастырмаған. Ана ретінде ғана қалыптасқан. Келін келгенде, ана баласын әлі жеке жібермеген. Бұл орайда жұптық қатынас маңызды. Ересек бала өз өмірін сүріп, өзі бөлек кетуі керек. Бала дүниеге келгенде, ана мен бала қатынасы сондай мықты болады. Кіндігі арқылы энергетикалық байланыс болады. Сондықтан алыста болса да сезеді. Баласын қызғанатын енелердің балаларының кіндігі әлі ажырамаған. Бұл психологияда "сепарация" деп аталады, қазақша "кіндігі ажырамау". Бұл - энергетикалық байланыс", - дейді Нұрсұлу Сейдакова.
Қашан үйленген дұрыс?
Психолог адамға қай кезде шаңырақ көтерген дұрыс екенін айтты. Сепарация жасалмаған жағдайда бала өз бетінше өмір сүре алмайды. Өзінің ойы болмайды. Адам алдымен сепарацияға қол жеткізгеннен кейін ғана тұрмыс құрып немесе үйлену керек.
"Тек ер баланың анасы емес, қыздардың аналары да өмірлеріне араласады. Қыздар ұзақ уақыт жүріп қалып, тұрмысқа шықпай қалса, аналарына байланып қалады немесе бауырларына ана болып кетеді не жұмысбасты болады. Міне осы, екінші жағдай - тұрмысқа шыққаннан кейін күнделікті анасымен сөйлесіп, бәрін хабарлап, өміріне араластыру. Тек ене ажырасуға себеп болып жатқан жоқ. Қыздың анасы да "мен сені қорлату үшін туған жоқпын", "ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды" деп араласып жатады. Ана балаларының өміріне араласып, жас адамның өмірін сүріп жүргендей күй кешеді, ал бұл балаларға қиын. Жеке тұлға ретінде қалыптаспаса, шекарасын ұстанбаса, біреуге қаржылық жағынан да, тұрмыстық жағынан да тәуелді болса, ойы бағынышты болса, "анам не дейді?" деп жалтақтаса, адам отбасын құрмағаны дұрыс. Отбасын құратын екі адам да жеке тұлға болып қалыптасуы, анасынан ажыраған болуы керек. Сонда өз күнін көре алады, өз ақшасын таба алады", - дейді маман.
Үндемейтін ұрпақ пен Z ұрпақ қақтығысы
Психолог Нұрсұлу Сейдакова қазіргі буын өзгеше екенін айтып, бірқатар кеңес берді.
"Вильям Штраус, Нейл Хоув ұрпақтар теориясын зерттеген. Қазіргі енелердің көбі - соғыстан кейінгі үндемейтін ұрпақ тәрбиелеген аналар. "Біздің заманымызда мынадай болған, менің енем мынадай болған" деуге қазіргі заман сай келмейді. Қазір келін болған ұрпақ - зумерлер, Z ұрпақ. Қазіргі ұрпақтың ой-өрісі де, қызығушылығы да басқаша. Сондықтан балаларға бостандық беру керек. Сол кезде өмірге бейімделеді. Балалық позициядан ересек позицияға өткен кезде ғана үйлену керек. Қанатының астынан шығармаған кезде үйлендіруге болмайды. Қыздар да бір күні өзі ене болатынын ұмытпау қажет және "менің де ата-анам бар, олардың келіні болады" деген ой болуы керек. Өзін енесінің орнына қойып, "неге қызғанады?" деп түсінсе, тіл табысуға болады", - деп түйіндеді психолог.
Еске салайық, бұған дейін енемен жақсы қарым-қатынаста болу жолы қандай екені туралы материал жарияланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова