Итемген, Күшік, Тұяқ. Қазақ балаға неге жағымсыз есім қойған?

Итемген, Күшік, Тұяқ. Қазақ балаға неге жағымсыз есім қойған?
Фото: Дудин С. М. 1899 жыл

Қазақ кейде баласына Жаманбай, Тезекбай, Сасықбай деп ат қойған. Мұның өз себебі бар. Massaget.kz тілшісі қазақ балаға есімді қалай қойғанын баяндайды.

Тұяқ, Башпай, Итемген...

Жаманбай, Тезекбай, Қорлан, Ошақбай, Жаманқұл деген есімді жиі кезіктіреміз. Осындай жағымсыз есім қоюдың да өз себебі бар. Балаға Алланың назары түспесін, тіл-көзден аман жүрсін деген наныммен қояды. Көп жағдайда бала шетінеп кете бергенде осындай есім қойылады.

"Кейде балаға көз сұғы қадалмауы үшін, қайта-қайта сәбиі шетінеп кеткен әйелдердің балаларына Тұяқ, Башпай, Итемген деген сияқты аттарды қойған", - дейді этнограф Болат Бопайұлы. 


Дудин С.М. Қазақстан. 1899 ж.

Бала тіл-көзден аман жүруі үшін оған Итаяқ, Күшік деп те жағымсыз есім қойған. Десе де кейде бала ер жеткенде есімін ауыстырған.

Қазақ қыз туған әйелдің баласына Ұлбосын, Ұлтуған, Жаңылсын деген сынды аттар қояды. Онысы артынан ұл туады деп ырымдағаны. 

Балаға есімді бір жасқа толғанда қою

Сондай-ақ, қазақ халқында ертеде жаңа туған сәбиге бірден ат қоймайтын дәстүр болыпты. Алғашқы ерлігін жасағанша бала есімсіз жүрген екен.

"Ертедегі халықта дуализм деген түсінік болды. Балаға кеш ат қою дуализм ұғымынан туындаған. Бұл түсінік бойынша адам өмірден өтсе, қайта туады - солай айналып жүре береді. Қазақ бұрын баласына кемінде бір жасқа дейін ат қоймаған. Себебі бала бұрын дүниеден өткен адамның жалғасы деп сенген. Мысалы, қайтыс болған адамның қырық күндік садақасын береді, ал бала туған соң оны қырқынан шығарады. Сол секілді өлген адамның жылын берсе, бала жасқа толғанда тұсауын кесіп, бұл өмірге өтті деп, есім берген", - дейді филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық.


Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінің архивінен

Яғни, баланың бір жасқа дейінгі уақыты - заманауи тілмен айтқанда транзиттік кезең. Көне наным-сенім бойынша осындай дәстүр кеңінен тараған. Ал есім берілгенше баланы есте қалмайтын, елеусіз әр түрлі аттармен шақырған. Себебі, ат қойып меншіктеуге болмайды. Өйткені, тәңірдің қаһарына ұшыраймыз деп қорыққан.

15 жасқа дейін есімсіз жүрген

Балаға есімді кеш беру дәстүрін ежелгі эпостар мен ертегілерден анық байқауға болады. "Оғызнама", "Дадам Қорқыт" секілді  жырларда осы дәстүрдің үлгілері бар. Кей түрік жырларында "бала адам өлтіріп, қан төкпесе ат қойылмайды" деген жазбаларды кездестіруге болады. Сондай жырлардың бірінде жауды өлтіріп, ешқандай ерлік жасамаған Бәмсі Байрақ 15 жасқа дейін атсыз жүрген.

Тағы бір мысал "Бұқаш батыр" жырында бар. Мұнда бас кейіпкерге алты жасына дейін ат берілмеген. Бірде балалар ойнап жүргенде біреудің байлаудан босап кеткен жабайы бұқасы оларға шабуыл жасаған. Сол кезде бәрі қашып кетеді. Тек бір бала бұқаны тұмсығынан ұрып өлтіреді. Осы ерлігінен соң оны бәрі "Бұқаны жыққан батыр - Бұқаш" деп атаған. Содан кейін Бұқаш батыр атанып кетеді.  Бәріне таныс Алпамыс батыр да алып қарсыласын жеңіп, өз күшін көрсеткен соң осындай ат қалған.

Алмасбек Әбсадықтың айтуынша, қазақтың өз батырларына ерліктері үшін ат беруі осы дәстүрден қалған. Мысалы, Ерасыл деген жасөспірім жігіт жылқыға шапқан жабайы қабанды өлтіріп тастаған. Сол кезде халық оны Қабанбай батыр деп атап кеткен. Ал оның кейін қазақтың танымал батырына айналғанын бәрі біледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш