- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында алып...
Атырау облысында алып адам тұрады
Атырау облысы Индер ауданы Құрылыс ауылында алып адам өмір сүреді. Оның есімі - Парасат Нұрғалиев. Алып адамның бойы 2 метр 15 сантиметр болса, салмағы 150 келі, ал аяқ киімінің өлшемі - 56. "Ақ Жайық" басылымы алып адаммен кездесіп, сұхбаттасып қайтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алып адам - Парасатқа сай киім табу қиын. Парасатқа киімді арнайы тігінші - туысы тігіп береді екен. Ал аяқ киім табу расында өте қиын. Алып адамның аяғына сай жалғыз аяқ киім - резина аяқ киімдер. Бірақ жаңбыр жауған күні және аязда сыртқа шыға алмай қалады. Сондықтан Байғали Өтеманов бастаған ауыл тұрғындары алып адамға аяқ киім тігіп беруге шешкен.
"Қажымұқанның аяғының өлшері 54 болған. Ал Парасаттың аяғының өлшемі - 56. Тапсырысқа аяқ киім тігетін жерді ұзақ іздедім. Көптеген шебермен сөйлестім, бірақ аяқ киімінің өлшемін естігенде бас тартады. Астаналық тігіншілер Парасаттың өзі келген жағдайда ғана тігіп беретінін айтты. Бірақ Астанаға жету үшін де аяқ киім керек қой. Эксклюзив тапсырысты орындауға алматылық шебер Валерий Воронин ғана келісті. (...) Шеберде 56-шы өлшемнің үлгісі болмады, сондықтан 52-ші өлшемді ұзартып, тапсырысты 20 күннің ішінде жасап берді", - дейді Байғали Өтеманов.
Парасат аяқ киімді көре сала қуанып кеткен.
"Мұндай аяқ киімді соңғы рет қашан кигенім де есімде жоқ", - дейді алып адам.
Ауыл тұрғыны Байғали Өтемановтың сөзінше, олар Парасатқа қыстық аяқ киім де тапсырысқа беріп қойған.
"Басқа балалардан айырмашылығым жоқ еді. Бірақ алтыншы сыныптан кейін өсе бастадым. Сүйектерім ірілене бастағанын сезгендей болдым. Киімдерім де тез кішірейе бастады. Мектепте бәрінен биік болып кеттім де аяғымның өлшемі үлкейіп кетті. 9-10 сыныптың өзінде өзіме сай аяқ киім табу қиын болып кетті, ол кезде аяғымның өлшемі 50 еді. Мектеп бітірген кезімде салмағым 120 келі болса, бойым 2 метр болып кетті. Бірақ денсаулығымда ешқандай сызат болмады", - дейді Парасат.
Алып адамның сөзінше, бойының ұзын болуы еш кедергі келтірмейді. Тіпті үйреніп те кеткен. Сонымен қатар, Парасат қандай жұмыс істейтінін айтты.
"Тұрақты жұмысым жоқ, көбіне үйдің іргетасын қалаумен және сылақ жұмыстарымен айналысамын. Жұмыстан шаршамаймын, кез келген жұмысты істей беремін", - дейді Парасат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина