"Алматы алақандағыдай". "Жаралы сезім" актерлері қайда жүр?

"Алматы алақандағыдай". "Жаралы сезім" актерлері қайда жүр?

15 жыл бұрын үлкен экранға "Жаралы сезім" деген фильм шықты. Драмалық фильмді кейін қазақстандықтар DVD-ден көріп, екі жастың махаббатын талқылаған еді. Арайдың "Алматы алақандағыдай" және Иванның "Күніне қазақша бір сөз жаттап отырдым" дегенін әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Massaget.kz тілшісі "Жаралы сезім" актерлері бүгінде қайда жүргенін баяндайды.

Бұл фильмді 2007 жылы "Жас ұлан" студиясы түсірген. Режиссері - Еркін Рақышев. Фильмде Қанат пен Арайдың махаббат хикаясы баяндалады. Екеуінің қосылуына Арайдың ата-анасы қарсы болып, бірнеше жылдан кейін екеуі "алақандағыдай Алматыда" кездеседі. 

"Жаралы сезім" - режиссер Еркін Рақышевтың алғашқы туындысы. Оны кезінде үйін кепілге қойып, банктен кредит алып түсірген. 

Басты кейіпкер Арай ролiне екi жүзге жуық үмiткерлер болған екен. Режиссер бұл рольге Регина Шамгунованы таңдапты.

Регина сол кезде көгілдір экраннан жарқ етті де, кейін фильмдерге түспей кетті. Себебі Регинаның өзі сұхбаттарының бірінде кәсіпқой актриса емес екенін айтқан.

Бүгінде Регина Шамгунова тұрмыста, бір ұлы бар.

Фильмде Арайдың сүйіктісі Қанаттың ролінде Берік Арықбаев ойнады. Берiк Арықбаев Ресейдiң қазағы екен. Алғаш түсiру алаңына келгенде, бiр ауыз қазақша бiлмептi. 

Бұл да - Беріктің үлкен экрандағы жалғыз фильмі болды.

Берік Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Кино және телевизия режиссері мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде ол отандық телеарналардың бірінде режиссер болып қызмет етеді. "Жаралы сезімнен" кейін фильмдерге түскен жоқ. 

Ал фильмде "Бокс" лақапатымен белгілі Ақылжан Мақашев кино әлемінен алыстамаған. Актер "Жаралы жүректен" кейін де бірнеше фильм, сериалға түскен. Оны "Сүр бойдақ", "Судағы із", "Әке серті", "Қақпан" секілді сериалдардан, әнші Бүркіт түсірген "Логово" фильмінен көруге болады. 

Фильмде күніне қазақша бір сөзден жаттап жүрген Иванның шын есімі - Виталий Куприянов. "Иван" да кино саласында жүр. Ол Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. "Жаралы жүректен" кейін Виталий "Обратная сторона", "В городе А" және "Виртуальная любовь" фильмдеріне түскен.

Бірақ бұл фильмдер "Жаралы сезім" сияқты халыққа тарай қойған жоқ. Виталий үйленген, үш баласы бар. Бірнеше театрда ойнайды. 

Былтыр Куприяновтың есімі қайта жарқ етті. Ол атақты "5:32" сериалының бесінші бөліміне түсті. Онда студент қыздарға шабуыл жасайтын маньяктың ролінде ойнаған. 


5:32 сериалының кадры

"Жаралы сезімде" Сократ болған Еркебұлан Тасынов бүгінде режиссерлікпен айналысып жүр. Режиссер ретіндегі ең алғашқы жұмысы - 2008 жылы шыққан "Ұялы телефон" фильмі. 

2015 жылы "Хабар" арнасында Тасынов қоюшы режиссер болған "Көршілер" сериалы шықты. 

Одан бөлек актер де болып жүр. "Шала қазақ", "Өмір" секілді фильмдерге түскен. Еркебұлан басты рольде ойнаған "Өмір" фильмі таяуда ғана "Оскарға" ұсынылғаны хабарланған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш