Инга Иманбаева президенттікке үміткер болуға өтініш берді

Инга Иманбаева президенттікке үміткер болуға өтініш берді

Инга Иманбаева Орталық сайлау комиссиясына президенттікке үміткер болуға өтініш берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"2022 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына келген азаматша Инга Иманбаева 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына өзін кандидат ретінде ұсыну туралы мәселені қозғады. Алайда, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар ұсыну үшін "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда көзделіп отырған қажет құжаттар ұсынылған жоқ", - делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар ұсыну "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 54 және 55-баптарына сәйкес жүзеге асырылатынын еске салды. 

Айта кетейік, Инга Иманбаева - азаматтық белсенді, тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың жұбайы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина