- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандық әнші есірткіге...
Қазақстандық әнші есірткіге масайып, көлік жүргізгені үшін сотталды
Музыкалық топтың солисі есірткіге масайып, көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасымен көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Әліби Мұратқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.
"Тергеу барысында былтыр қыркүйекте Ә.Мұрат есімді ер адам мас күйінде көлік жүргізген кезінде ұсталғаны анықталды. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Алайда өзіне тиісті қорытынды жасамай, биыл 6 тамызда Әліби Мұрат есімді ер адам тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні Мұраттың үстінен қылмыстық іс қозғалды және қамауға алынды", - деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
28 қыркүйекте Бостандық сотының үкімімен Әліби Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина