- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ақша бақыт әкелмейді"....
"Ақша бақыт әкелмейді". Қостанай тұрғыны ресейліктерді өз үйінде паналатты
Қостанай тұрғыны екі ресейлікті үйіне орналастырып, құжаттарын рәсімдеуге көмектесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қостанайлық Максим Глазков қиын жағдайға тап болған ресейліктерге алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Ол Ресейден қоныс аударушылар ағыны басталған кездің бірінші күні-ақ әлеуметтік желілерде көрші елден келген екі ер адамға баспана беруге дайын екенін жариялады. Себебі қонақүйлерде орын жоқ, ал жалға берілетін тұрғын үй бағасы шарықтап кеткен.
"Біреудің қайғысынан ақша табуды көздеген адамдар мені таңғалдырады. Сонымен қатар, мұндай ақша ешқашан бақыт әкелмейді және іс бастауға да жетпейді. Көмек көрсеткенім үшін ақы сұрамадым, жігіттер келді, қажет болғанша тұрыңдар, бір дастарқаннан тамақтанамыз, жайлы тұру үшін барлық жағдайлар жасалған дедім. Жылдар бойы жинағанның бәрін тастап, бірер минут ішінде шешім қабылдаудың қандай стресс екенін түсінемін", - дейді Максим Глазков.
Келесі күні Максим қонақтарына өз мекенжайы бойынша тіркелуге ғана емес, тағы екі келушіге де көмектесті. Қостанайда тұрақтаған ер адамдар оған өте риза. Сонымен қатар, мұнда оларды қалай күтіп алғанына таңғалды.
"Әрине, мазасыз ойлар болды, бірақ бізді өте жылы қабылдады. Біз қаланы аралап жүргенде бізге төрт рет көмек ұсынылды, тіпті пастор да көліктен шығып, түнеуге болатын мекенжайды айтты. Содан кейін біз түскі ас ішетін кафеге бардық, сонда бізге Максимнің нөмірін берді. Оның арқасында біз тіркелдік, карта мен баспана алдық", - дейді Екатеринбургтен келген маркетолог Александр.
Қостанайлық тұрғын ресейліктерге олар қанша қажет болса, бірге тұра алатынын айтты. Олардың бірі Қазақстанда қалғысы келеді, алайда қай қалада тұратынын әзір шешпеген, екіншісі тек транзитпен өтеді.
"Мұнда адамдар өте мейірімді және қамқор, мен таңғалдым. Әрине, Ресейде бұл қиын. Тюменьде менің әйелім қалды, мен осында боламын, кейін Кипрге барамын", - деп Алексей болашақ жоспарларымен бөлісті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек