Футболдан Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді

Футболдан Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді
Фото: ©ҚФФ

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының тобында мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Қазір Магомед Адиев командасының еншісінде 13 ұпай бар. Ұлттық құрама УЕФА аясында мұндай көрсеткіштерге алғаш рет жетіп отыр.

Бұған дейін қазақстандықтардың ең жоғарғы жетістіктері Еуро-2008 және Еуро-2020 іріктеу кезеңіндегі он ұпай болатын. Еуро-2008 іріктеуінде ұлттық құрама 14 кездесу өткізсе, екіншісінде он ойынға қатысқан. Бұл жолы Адиев шәкірттері бес кездесуде ғана 13 ұпай жинап отыр.

Қазақстан әлі бұл көрсеткішін жақсартуы мүмкін - ұлттық құрама соңғы ойынын 25 қыркүйекте Әзербайжанға қарсы өткізеді.

Айта кетейік, Ұлттар лигасының алғашқы маусымында (2018/19) Қазақстан алты ұпай жинап, D дивизионының тобында екінші орын алған. Ал келесі маусымда (2020/21) ұлттық құрама төрт ұпаймен С дивизионының квартетінде соңғы орында болған. Сол кезде Қазақстан құрамасы өтпелі матчте Молдованы пенальти сериясында жеңіп, С дивизионында қалған еді.

Айта кетейік, турнирдің биылғы маусымында ұлттық құрама В дивизионына шығып, Еуро-2024 жолдамасына таласуға мүмкіндік алды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш