Хиджабты дұрыс тақпаған: Иранды дүр сілкіндірген оқиға

Хиджабты дұрыс тақпаған: Иранды дүр сілкіндірген оқиға
Фото: Reuters

Иранда жағдай тұрақталмай тұр. Өткен демалыстан бері ирандықтар наразылыққа шығып жатыр. Бұған хиджабты дұрыс тақпағаны үшін ұсталған қыздың өлімі себеп болған. Massaget.kz тілшісі Ирандағы наразылық акциясы қалай болғанын баяндайды.

Бәрі қалай басталды?

Иранның Күрдістан бөлігінде тұратын 22 жастағы Махса Амини өткен сейсенбіде Тегеранға келген. Метродан шығып келе жатқан кезде оны полицейлер ұстаған. Себебі Амини хиджабты дұрыс тақпай, шашы көрініп қалған.

Ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң Амини комаға түсті. Ал 16 қыркүйекте ауруханада қайтыс болды. Куәгерлер полицейлер қызды ұрып-соқты деп айыптап жатыр. Бірақ полиция генералы Хоссейн Рахими бұл өтірік екенін, қыздың жүрегі ұстап қалып көз жұмғанын айтқан. Бірақ туыстары бұл сөзге сенбейді. Олардың айтуынша, Махсада жүрек ауруы ешқашан болмаған. 


Махса Амини. Отбасы мұрағатынан

Кейін "тәрбиелеу" сабағы кезінде бейнекамераға түсірілген кадрлар көрсетілді. Онда қыз (Махса болуы мүмкін) "тәрбиелеу сыныбында" полиция өкілдерімен сөйлесіп тұрады да, талып қалады. Бірақ, CNN пікірінше, видео монтаждалған болуы мүмкін. 

IranWire басылымы Махса түскен аурухананың дәрігерлерімен сөйлескен. Олар қыздың бассүйегі сынғанын, басына қатты соққы жасалуы мүмкін екенін айтқан. 

Халық наразылыққа шықты

22 жастағы Аминидің өлімінен кейін ел астанасы Тегеран мен Иранның солтүстік-батысында, Күрдістан провинцияларында халық наразылыққа шықты. Олар полиция зорлық-зомбылығына ғана емес, әйелдерді "дұрыс емес" киімі үшін ұстау мүмкіндігіне де қарсы шықты.  

Құқық қорғаушылар, митинг болады деп қорқып, Махсаны қоштасу рәсімінсіз жерлеуді сұраған. Бірақ отбасы бас тартыпты. Сөйтіп, Аминидің туған қаласы Саккезде 17 қыркүйекте, жерлеу күні жүздеген адам наразылыққа шықты. Әйелдер орамалын шешіп, "Масқара", "Диктаторға өлім" деп айғайлады. 

IranWire басылымының мәліметінше, полиция сол кезде көз жасаурататын газ бен қару қолданған. Адам құқығын қорғаушылар митингте 30-дан аса адам зардап шеккенін хабарлаған.

Кейін Иранның түкпір-түкпірінде митингтер өте бастады. Солардың бірін Тегеран университетінің студенттері ұйымдастырып, "Өлгім келмейді!", "Сенің қаның ешқашан ұмытылмайды!", "Әйелдер, өмір және еркіндік" деген плакаттар алып шыққан.


Фото: Radio Farda

"Бұл жаңалықты естігенімде даусым дірілдеп кетті, себебі полиция мені де бір-екі рет тоқтатқан. Егер мен осындай жағдайға тап болсам, ата-анамның халі не боларын білмеймін", - дейді митингке шыққан қыздардың бірі Reuters басылымына. 

"Меніңше, мемлекет хиджаб міндетінен бас тартуы керек. Оны қолдайтын кез келген адам хиджаб кие берсін. Ал ұнамайтындар хиджаб кимей-ақ қойсын", - дейді тағы бір қыз. 

Митингке шыққандар арасында қаза тапқандар бар

Ал желіде ирандық танымал әйелдер Аминиді қолдап, шашын қиып, фотосуреттер мен видеолар таратып жатыр. 

Ирандық БАҚ мәліметінше, Иранның күрдістандық бөлігінде болған митинг кезінде бес адам қаза болған, полицейлер оларға оқ атқан екен. 

Халықаралық Hengaw адам құқығын қорғау тобы Дивандарре қаласында екі адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бірақ ирандық ресми өкілдер адам өлімі туралы кей ақпаратты жоққа шығарып, тек ұсталды деп хабар таратқан. 

Сонымен қатар, Тегеран мен күрд аудандарында интернет жөнді істемей тұрғаны хабарланды. Ұлыбританиялық NetBlocks тобының мәліметінше, "Күрдістан астанасы Сенендеджде интернет толығымен жоқ" екен. 

Ирандық БАҚ мәліметінше, халық шуынан кейін Тегеранда әдет-ғұрып полициясының басшысы қызметінен босатылған. Ел президенті Эбрахим Раиси Аминидің өлімін тергеуді тапсырған. 

Иран сот билігінің басшысы Голям Хоссейн Мохсени-Эджеи де "шенеуніктер мен полицейлердің қателігіне көз жұма қарамайтынын" айтқан.

Әлем не дейді?

Еуропалық Одақ адам өліміне жол беруге болмайтынын, кінәлілер жауапқа тартылуы керегін мәлімдеді.

"Өткен аптада 22 жастағы Махса Амини Иранда хиджаб кию заңдарын бұзғаны үшін ұсталып, полицияның қамауында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Біздің ойымыз Махса Аминидің отбасы мен достарымен бірге. Оның басынан өткен оқиғаға жол берілмейді және адам өліміне кінәлілер жауапқа тартылуы керек", - деді ЕО сыртқы істер жөніндегі ресми өкілі.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен америкалықтар Иран халқымен бірге екенін айтты. 

"Махса Амини бүгін тірі болуы керек еді. Оның орнына АҚШ пен Иран халқы оны жоқтап жатыр. Біз Иран үкіметін әйелдерді жүйелі түрде қудалауды тоқтатып, бейбіт шерулерге рұқсат беруге шақырамыз", - деп жазды Блинкен Twitter-де. 

@massaget.kz #иран#махса#амини#жаңалық#қарсылық#жаза#митинг#рек#хочуврек#әйел#женщины#mahsa_amini ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш