Алматыдағы концертте тапталған гүлдер жұрттың ашуын келтірді

Алматыдағы концертте тапталған гүлдер жұрттың ашуын келтірді
Фото: Қала әкімдігі, elzat.muqash Instagram-парақшасы

17 қыркүйекте Алматыда Gakku Dauysy концерті өтті. Желіде осының салдарынан "Астана" алаңы бүлінгені айтылып жатыр. Алматы әкімдігі өкілдері шығын көлемі қанша болғанын, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елзат Мұқаш атты дизайнер, блогер Instagram-парақшасында Gakku Dauysy концертінен кейінгі "Астана" алаңын көрсеткен. Ол алаңның бұрынғы және қазіргі күйін салыстырған. Сондай-ақ, халықпен қатар ұйымдастырушылар да кінәлі екенін, тіпті қоқыс лақтыратын жәшік жоғын айтады. Ол 4 миллион халқы бар қалада концертті дәл осы алаңда өткізу дұрыс болмағанын жеткізеді.

"Қаланың сыртына өткізсе, нағыз өнерсүйер барады ғой, қызықпайтындарға өмір сүруге бөгет қылмай!" - деп жазған ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ЭЛЬЗАТ | АРХИТЕКТОР | ДИЗАЙНЕР (@elzat.muqash)

Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, Gakku Dauysy концертінің көрермендері 94 мыңға жуық гүлді жойған. "Астана" алаңында Gakku Dauysy 2022 фестивалі кезінде көрермендер іргелес аумақтағы жасыл желектерге айтарлықтай зиян келтірген.

"Экология және қоршаған орта басқармасының бағалауы бойынша, шығын сомасы 13 миллион теңгеден асты - біржылдық, көпжылдық бұталар мен гүлдер, оның ішінде қаланың жақын маңдағы гүлзарындағы раушандар жойылды. Барлығы 94 мыңға жуық гүл тапталып кеткен: 913 шаршы метр біржылдық өсімдіктер, 326 шаршы метр көпжылдық өсімдіктер, 117 шаршы метр раушан гүлдер", - делінген әкімдік хабарламасында.

 

Сурет: әкімдіктің баспасөз қызметі

Алмалы ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша 13 орындық, 1 жарық бағанасы, гранит урнасы мен 2 камера қираған. 

"Алматы қаласының әкімдігі еліміздің мәдени орталығы саналатын мегаполистің тұрғындары мен қонақтарынан жасыл желектерге және гүлдерге ұқыпты қарауды, сондай-ақ, қаланы абаттандыру мен көгалдандырумен айналысатын қызметкерлердің еңбегін құрметтеуді сұрайды. Келтірілген залалды қала әкімдігінің күші қалпына келтіреді, жаңа өсімдіктер қысқа мерзімде отырғызылады. Күн сайын қала аумағын суару мен көгалдандыру жұмыстарына 300-ге жуық маман мен 80-нен аса арнайы техника жұмылдырылады. Биыл декоратив көгалдандырудың жалпы аумағы 159 мың шаршы метр болады, ал газон аумағы - 26 мың шаршы метр", - делінген хабарламада.

Сурет: әкімдіктің баспасөз қызметі

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова