- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Головкин Канелодан екінші...
Головкин Канелодан екінші рет жеңіліп қалды
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Канело Альварестен жеңіліп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтті.
Екінші орта салмақтағы кездесу басында боксшылар мұқият шабуылдап, соққылармен алмасып тұрды. Бірақ мексикалық боксшы белсендірек, дәлірек болды. Канелоның көп соққысына Головкин жауап бере алмады.
Мұндай бокс жекпе-жек бойы жалғасты. GGG Канело қорғанысының кілтін таба алмағандай көрінді. Бұрынғыдай төпелеп соққылар жасай алмады. Головкин 8-раундтан кейін ғана ашық жұдырықтасуға көшті. Бірақ алдыңғы раундтарда кеткен есесін қайтара алмады.
Осылайша, боксшылар 12 раунд бойы жұдырықтасып, Канело төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Мексикалық боксшы екінші орта салмақта абсолют әлем чемпионы титулын қорғап қалды. Головкинге тиесілі орта салмақтағы IBO, IBA және WBA белбеулері сарапқа салынбаған, сондықтан бұл титулдар GGG еншісінде қалды.
Бұл - Головкиннің карьерасындағы екінші жеңіліс. Алғашқысы да Канелодан болған еді. 2018 жылы қыркүйекте Альварес Головкинді төрешілер шешімімен жеңген, ал одан бір жыл бұрын алғашқы жекпе-жек тең есеппен аяқталған болатын.
@massaget.kz #бокс#альварес#генадийголовкин#GGG#жаңалық#рек#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш