- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бір метр жер...
"Бір метр жер бермейміз": Садыр Жапаров қырғызстандықтарға үн қатты
Қырғызстан президенті Тәжікстанмен шекарада қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ол қырғыз-тәжік шекарасын демаркациялау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Баткен облысында жалғасып жатқан қақтығысқа байланысты пікір білдірді. Ол бұл туралы Facebook-те жазды. Қырғызстан басшысы жағдайға байланысты қырғызстандықтарға үндеу жолдады.
"Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыста отандастарымыз қаза тапты. Шекарада қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Олар отанын қорғаудан тұратын қасиетті парызын орындау жолында қайтыс болды. Олар біздің жеріміздің бір метрін берген жоқ. Жатқан жерлері жайлы болсын. Олардың отбасылары толық қамтамасыз етілетініне уәде беремін. Сондай-ақ, барша халыққа көңіл айтамын, өйткені қаза тапқандардың барлығы - балаларымыз. Өкінішке қарай, қарулы қақтығыстар құрбандықсыз аяқталмайды. Біздің шекарашыларымызға ерлігі үшін, жауға лайықты тойтарыс бергені үшін алғысымды білдіремін. Олар шабуылға төтеп берді. Мұндай адамдар болған кезде Қырғызстанның тұтастығы сақталарына сенемін", - деп жазды Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров тәжік тарапынан да зардап шеккендер бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қырғызстан басшысы шекара маңындағы дау-дамайға байланысты шығын қашан да болатынын еске салды.
"Ата-бабаларымыздан қалған жердің бір метрін де ешкімге бермейміз. Ұлттық мүдделерімізді берік қорғаймыз. Өзбекстанмен шекара белгіленген. Мұны құжат түрінде рәсімдеу ғана қалады. Қырғыз-тәжік шекарасы мәселесі де күн тәртібінде тұр. Оның шешімі, тарих растағандай, үлкен сақтық пен шыдамдылықты қажет етеді. Осыған қарамастан, бұл мәселені тезірек шешуге тырысамыз", - деді Садыр Жапаров.
Еске салайық, 16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы бірнеше учаскеде атыс басталды. Лейлек және Баткен аудандарындағы елді мекендер атысқа ұшырады. Денсаулық сақтау министрлігі өкілі 103 адам зардап шеккенін хабарлады, сонымен қатар, 24 адам қайтыс болған.
Президенттер Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон атысты тоқтатуға келіскен. Бірақ Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің кейінгі мәліметтері бойынша, тәжік тарапы уағдаластықтарды бұзған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова