Астана атауын қайтару туралы нақты шешім қашан қабылданады?

Астана атауын қайтару туралы нақты шешім қашан қабылданады?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Елорда Мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов Нұр-Сұлтан атауын Астана деп өзгерту тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордалық мәслихат депутаттары Нұр-Сұлтан атауын Астана деп өзгерту туралы ұсынысты қоғамдық тыңдауларда қарады.

Хатшы Ерлан Қаналимовтың айтуынша, елорда атауын өзгерту процедурасы бірнеше кезеңнен өтуі керек.

"Бүгін қоғамдық тыңдаулар өткізіп, оны мәслихат сессиясына ұсынып отырғанымыз - бүкіл процедурадан өтудің бір кезеңі. Отырыстардан, мәслихат шешімінен кейін республикалық ономастика комиссиясында отырыстар өтеді. Осыдан кейін құжаттар Үкіметке жолданады, Үкімет жарлық жобасын Президенттің қол қоюына ұсынады. Жарлық ресми жарияланғаннан кейін, жарлыққа қол қойылса, елорда атауын өзгерту туралы айтуға болады", - деді Қаналимов.

Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрлігі өкілі Парламент Қазақстан астанасына бұрынғы атауын қайтару туралы шешім қабылдаса, қосымша ақша талап етілмейтінін айтқан еді. Сондай-ақ, депутат елорда атауын өзгертуге жұмсалатын шығын туралы айтқан болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова