Ертеде келісімсіз қыз алып қашқандарға қандай жаза қолданылған?

Ертеде келісімсіз қыз алып қашқандарға қандай жаза қолданылған?
Фото: Дудин С. М.

Қазақ тарихында ерекше дәстүрлер болған. Соның бірі - қыз алып қашу дәстүрі. Тарихта келісіммен қыз алып қашу оқиғасы көп кездеседі. Атақты Қалқаман мен Мамыр тарихы - соның дәлелі. Қалқаман мен Мамыр бір-бірін сүйіп, елден жырақ кеткен. Алайда екеуінің бір рудан шыққанына байланысты Мамыр өлім жазасына кесілген. Ал Қалқаман елді тастап кетеді. Қазір қыз алып қашу заңмен қудаланады. Ал ертеде қалай болған? Massaget.kz тілшісі этнограф Бұлбұл Кәпқызымен сұхбаттасты.

Ертедегі қыз алып қашу дәстүрі

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының пікірінше, бұрын қызды екі себеппен алып қашқан.

"Қыз алып қашу дәстүрі ертеден болған, оған ешкімнің таласы жоқ. Бұл жерде бір мәселе - ешқашан біржақты келісім болмауы, қызды қыз бен жігіттің өзара келісімі бойынша алып қашқан. Неге алып қашады? Қыз бен жігіт келіседі, бірақ әке-шешесі қарсы болады. Бұл - бірінші жағдай. Екінші жағдай - қызға басқа жақтан құда түсіп, қалың малын төленіп қойып, бірақ қыз қарсы болса, басқа жігітпен көңіл қосса, екеуі қашып кеткен. Бұл қаншама эпостық жырымызда, Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек тарихында көрініс табады", - деді Бұлбұл Кәпқызы.

Сурет: Де-Лазари Константин Николаевич

Қыз алып қашқанда, қандай жаза қолданылған?

Бұлбұл Кәпқызы қыз алып қашқанда, ең ауыр жаза қолданылғанын айтты.

"Салтымызға, руымыздың абырой-беделіне таңба салды" деп, ең үлкен жаза қолданған. Ең үлкені - өлім жазасы. Оны ру болып, ел болып жазалаған. Бір жағы намыс болған. Үлкен екі рудың келіспеушілігі болса немесе адам өлімі болса, ат шапан, айыппұл төлеп, ат мінгізіп құтылған. Қыз алып қашу жазасы ондай нәрсемен кешірілмеген. Тек өлім жазасы күткен. Ондайлар ұсталмаған жағдай аз. Бәрібір елдің іші. Басқа жаза болмаған", - дейді этнограф.

Сурет: Дудин С.М.

Теріс бата

Ертеде қыз алып қашу дәстүрінің мәні, жолы, жазасы мүлде өзгеше болған. Этнограф Алтай, Қобда бойы қазақтарында кездесетін бір мысалды тілге тиек етті.

"Теріс батасын да берген. Теріс бата алған, ата-ананың батасын алмаған адам ешқашан көгермейді. Бұл дәстүрімізге, салтымызға қарсы келген. Қазір қыздың келісімінсіз, сыртынан тон пішіп, кетіп бара жатқан қызды көлікке бүктеп салып алып қашу, барғаннан кейін" кетіп қалсаң теріс батамды беремін, үстімнен аттап кет" деу дұрыс емес. Қазіргі алып қашу бұрынғымен сай келмейді. Алтай, Қобда бетінің қазақтарында мынадай бар. Әке-шешесінің жағдайы келіспесе, қыз бен жігіт өздері келісіп, үндемей кетіп қалады. Артынан әке-шешесінен кешірім сұрап, құдалар жақ тымағын тастайды. Қыз жақ баскиімін көтеріп, қайтарып берсе, "жарайды қабылдадық" дегені, қайтарып бермесе, "қабылдамадық" дегені", - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін заңгер Азамат Беккулов, Дана Ақәділқызы және Заң консультанттар палатасының мүшесі Абусейт Елекеевпен сөйлесіп, кеңестерін сұраған еді. Заңгерлердің пікірінше, қызды еркінен тыс алып қашса, жігіт Қылмыстық кодекстің 125-бабына "Адам ұрлау" сәйкес жазаланады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова