"Ұмытып кеттік пе, ағайын?" Бекболат Тілеухан депутаттарды сынады

"Ұмытып кеттік пе, ағайын?" Бекболат Тілеухан депутаттарды сынады

Саясаткер, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан қазақстандық депутаттарды сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, кеше, 7 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мереке қатарынан алып тастауды ұсынған болатын. Желідегілер депутаттар аяқасты ойын өзгерткендеріне наразы болған.  

Осыған байланысты Бекболат Тілеухан Instagram желісіндегі парақшасында үн қатты. 

"Осыдан 30-ақ жыл бұрын боданнан босаған елдердің арасында ай маңдайы жарқырап, оза шапқан Қазақ елінің тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстаған еді. "Басқа-басқа, тап осы - Қазақстан ел болмайды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Көпұлтты ел. Оқ-дәрі толтырған бөшке сияқты. Ертең бұрқ ете қалады" деп болжам жасаған Бжезинскийге арада бірнеше жыл өткеннен кейін "Бжезинский мырза, болжамыңыз болмады ғой" дегенде, "Мен Назарбаев феноменін ескермеппін" дегенін ұмытып кеттік пе, ағайын? Бүкіл жақсылықтың бастауында бейбіт күн, тыныштық тұратынын білесіздер. Осының кепілі Назарбаев еді. Қапияда жол тапқан, қараңғыда ел тапқан, айласы алды он болған Назарбаев орыс-орманмен де, басқамен де, қытайдың тілін тауып шекара шегендегені есімізден шығып кеткені қалай, ағайын? Каспийде де алаштың есесін жібермей үлкен үлес алып қалған да Назарбаев еді. Қандастарды тарихи Отанына қайтарған, қазақтан басқа қандай ел бар еді? Израиль мен Германияны айтпағанда… Миллион қазақ. Жер бетінде миллионға жетпейтін ұлттар бар. Миллионнан астам қазақ тарихи Отанына, Қазақияға қайта оралды. Қара шаңыраққа қайтарған кім? Назарбаев! Орысы қайысқан солтүстікке қазақты әкелудің қандай бір саяси тәсілін тапты? Ол да бір бейне есімізден шығып кеткендей", - деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Bekbolat Tleukhan (@bekbolat.tleukhan)

Сонымен қатар, Бекболат Тілеухан астананың атауын өзгертуге қатысты көтеріліп жатқан ұсыныстарға да пікір білдірді.

"(...) Кеше ғана Назарбаевтың көзіне қалай түсерін білмей жүрген бір-екі депутат Нұр-Сұлтанның атын жойып, Алаштың аяулы ақсақалының сағын сындырмаққа бастама көтеріпті. Бірақ бұл бүкіл қазақтың көзқарасы деп түсінбейміз, ағайын. Иә, жаза басқан жері бар шығар. Отыз жыл ел басқарды. Бірақ біз кешірімшіл, дарқан қазақ едік қой. Таблода тағы да Қазақстанның астанасы ауысып жатса, берекесі кеткен, мазасы қашқан ел дейді ғой, ағайын-ау. Сондықтан тарихи әділдігіне жүгініп, Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерді. Сол атауында қалуы керек. Көшелердің атауы, Тұңғыш Президент күні сияқты дүниелер өзгере берсін. Мүмкін оған лайық, мүмкін лайықсыз. Бірақ тап Нұр-Сұлтан қаласының аты - Назарбаевтың еңбегіне берілген тарихи баға. Менің ғана пікірім емес. Осы пікірде талай қазақ барын біліңіздер. Үндеуді мен Тоқаевқа, Парламентке жолдағаным жоқ. Мен жолдауымды, айналайын, көзіқарақты қазақтың азаматтары, сіздерге салмақ етіп артып отырмын…" - деді Бекболат Тілеухан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина