- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бие сауып жатқанда"....
"Бие сауып жатқанда". Ауылдағы келіншектің суреттері Қазнетті тәнті етті
Ауылда бие сауып жатқан әйелдің фотосессиясы әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Instagram желісінде жарияланған видео 132 мың қаралым жинаған. Ал TikTok-та ролик 80 мыңнан аса қаралыпты.
Онда ауылда бие сауып отырған келіншектің суреттері көрсетілген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Фотосессия Қазнеттегілерді тәнті етіп, жағымды пікірлер жазылған.
"Қандай әдемі, жарқын адам", "Жеңгеңіз әдемі", "Керемет суреттер", "Әдемісін-ай. Жүрегі де әдемі екені көрініп тұр", "Ауылдың нағыз, шынайы өмірі! Жарайсың, інім, өте керемет", "Сүйкімді келіншек екен", - деп жазған желі қолданушылары.
Фото: Ернар Алмабек
Бұл суреттерді фотограф Ернар Алмабек түсірген. Оның сөзінше, суреттер Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ аулында түсірілген. Ол жеңгесіне фотосессия жасау идеясы туралы айтып берді.
"Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көптен бері ауыл өмірін көрсететін "Ауыл портреттері" деген фотожоба жасау ойымда жүр еді. Бұл соның бастамасы. Бие сауу, қымыз пісу, құрт жасау, шөп жинау, көмбе нан пісіру, мал бағу - ауыл дегенде көз алдыма ең бірінші осылар келеді. Осы көріністерді архивіме сурет ретінде сақтап алсам деймін. Фотожобаның мақсаты сол. Кейін суреттерді топтастырып, көрме ұйымдастыруды ойлап жүрмін.
Екіншіден, ауылға барған сайын жеңгемнің қарбаласта жүретінін көремін. Таңнан тұрып, кеш жатады. Сиыры мен биесін сауып, үйін жинап, тамағын дайындап, балаларына қарап үлгереді. Сонда байқағаным, қашан қарасаң да жүзінен күлкі кетпейді. Фотографтардың әдеті - "Суретте қалай көрінер еді?" деп адамдарды сырттай бағалап жүреміз. Сол сияқты жеңгемді көрген сайын "Осы кісіге бір фотосессия жасасаң, күшті кадрлар шығар еді" деп ойлап жүргенмін. Биыл сәті түсті. Әр екі сағат сайын бие сауып жүр екен. Уақытын есептеп, аңдып жаттым. Суреттер шынайы шығуы үшін, ол кісіге алдын ала ештеңе айтпадым. Шелегін көтеріп қора жаққа кеткенде, мен фотоаппаратымды алып артынан бардым. Қалғанын видеодан көрдіңіздер. Кейін суреттерін көргенде ерекше қуанды. Instagram-да Reels-қа шыққанда да бірнеше рет хабарласып, "күшті шығыпты" деп мәз болды", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ернар ауыл өмірін, табиғатын жиі суретке түсіреді.
"Мен Алматыда туып-өссем де, жазғы каникул сайын ауылдағы ата-әжеме барып тұратынмын. Сол үш ай маған ертегідегідей өтетін. Айран, қымыз ішіп, құрт, кілегей жеп, атқа мініп, мал бағып, ата-әжеге еркелеп, жаз бітер шақта ауылды қимай қалаға қайтатынмын. Соның әсері болса керек, қазір ауылға бармасам, өзімді қоярға жер таппай кетемін. Сағынышымды басу үшін барған сайын сурет түсіріп қайтамын. Өзім түсірген суреттер компьютердің жұмыс үстелінде, смартфонның басты бетінде сақтаулы тұр. Шығарып алғаным қаншама. Әлеуметтік желелерге де сол суреттерді топырлатып саламын. Бұл менің ауылға, ата-әжеме, балалық шаққа деген сағынышым, сол сағынышымды басудың амалы", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Фотографтың сөзінше, Тоғызбұлақ - нағыз сурет түсіретін жер. Табиғаты әдемі болғандықтан, мұнда түсірілген сурет әдемі шықпай қалуы мүмкін емес.
"Кеңсу (Меркі), Орта Меркі, Шет Меркі деген - Үш Меркі атанып кеткен өзендерге жақын орналасқан. Таудың етегінде. Жылдың қай мезгілінде барсаң да, әдемі болып тұрады. Ауыл халқы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады, картоп өсіреді. Сюжет іздеп қиналмайсың, бәрі алдыңнан өзі шығады. Әсіресе, науқан кезінде барсаңыз, шаруашылыққа қатысты көп кадр жинап қайтуға болады", - дейді Ернар Алмабек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш