- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұяламын": анасы қызына...
"Ұяламын": анасы қызына етеккір тақырыбын қалай түсіндіруі керек?
Әдетте 13-15 жас аралығында қыздардың бойында өзгеріс болады. Соның бірі - қыз балаға етеккір келуі. Көп жағдайда қыз анасына, айналасына мұны айтуға қысылып жатады. Massaget.kz тілшісі психолог Ақмарал Орынбаевамен сұхбаттасып, анасы қызымен етеккір тақыбырында қалай сөйлесуі керегін сұрады.
Анасы қызымен етеккір тақырыбында қай жастан бастап сөйлесуі керек?
Психолог Ақмарал Елубаевнаның пікірінше, ана мен қызының арасы өте ашық болуы қажет. Кез келген тақырыпта еркін сөйлесе алған кезде ғана шешілмейтін мәселе, қиындық болмайды.
"Қыз баламен ана кішкентай кезінен өте ашық болуы керек. Барлық мәселені еркін айта білетіндей қарым-қатынас туғызған жөн. Шымкентте мектепте жасөспірімдермен жұмыс істедім. Сонда қыздарға "кім анасына еркін сөйлей алады?" деген сұрақ қойылғанда, жүз оқушы болса, соның ішінде бес қыз ғана сөйлесе алатынын айтады. Өсіп келе жатқан жасөспірім қыздың етеккір келетін кезде мінез-құлқы өзгере бастайды. Себебі физиологиялық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да етеккір келуі қыз балаға қатты әсер етеді. Әдетте шамадан тыс жылауық немесе шамадан тыс ашуланшақ болып кетеді, өз-өзімен басылып, ішінде болып жатқан дүниені ешкімге айтпайды. 12-13 жастан бастап қыз балаға етеккір келеді. Кей кезде 9 жастан бастап келеді. Сол үшін "қызым өссін, 13-14 жасқа келсін" деп күтудің қажеті жоқ. Ана қызы 1-сыныпқа барғаннан бастап осы етеккір мәселесі туралы сөйлесе бастағаны дұрыс. Себебі дәл қазір бұл қыздарға да, ұлдарға да аса бір жаңалық емес. Өйткені қазір дамыған заман. Біреуден естігенше немесе теледидар, YouTube-арналар арқылы үйренгенше, анасы қызының басынан сипап отырып, оның ерекше жағдай екенін, одан қысылмау, қорықпау керегін 7 жастан бастап түсіндіре бастаса, келешекте аса бір қорқынышты болмайды, қиындық туғызбайды", - дейді маман.
Ақмарал Орынбаева кез келген ана өз қызының бойындағы өзгерісті ең бірінші байқайтын адам екенін айтты.
"Барлық ана өз қызының бойындағы өзгерісті көреді. 7-8 жастағы қыздың аналық бездері шыға бастайды. Ол бірден шықпайды. Анасы шомылдырады, сол кезде байқап жатады. Ал бұл қыз балаға керегін, қорқынышты дүние емесін, ауырғаны басылатынын айта бастаған жөн. 7-8 жаста барлық балада өзгеріс болады дей алмаймын. Өйткені физиологиялық тұрғыда әр адамның ағзасы әртүрлі. Әдетте 7-9 жас аралығында денедегі өзгерісті сезген ана қызыға етеккір туралы түсіндіргені, оны дайындағаны дұрыс", - деп түсіндірді ол.
Өз тәжірибесінен
Маман өзі де қыз тәрбиелеп отырған ана екенін айтты. Ол бұл тақырып аса бір қиындық туғызбағанын жеткізді.
"Өзім де ана болғаннан кейін қыздарым бар. Етеккір тақырыбы біз үшін қорқынышты болмады. Себебі қыздарымыздың ортасында ашықтық, еркіндік болды және бір-бірімізден сыр сақтау, айта алмау деген болмады. Қазір етеккір жайлы түсіндіруге көп кітап бар. 7 жасар қызға ертегі секілді оқып отырып, болашақ өсіп келе жатқан қыз екенін, қыз баланың денесінде 11, 12, 13 жасқа келген кезде осындай бір заңдылық болатынын әдемілеп жеткізе білсе, қорқыныш болмайды. 7 жасар қыз түсінбеуі де мүмкін. Ал 8,9 жасында "етеккір жайлы айтып едіңіз ғой. Сол жайлы айтып берші" деп өздері сұрайтын. Оған жай-жайдан үйрету арқылы түсіндірсе, етеккір келген кезде болатын бел, іш ауруы табиғи заңдылық екені балаға ешқандай жарақат салмайды", - дейді психолог.
"Ұстаз бен әкеге де ескерту керек"
Етеккір келуі мектеп жасындағы қыз бала үшін психологиялық жағынан қиындау болатыны белгілі. Психолог осындай жағдай болмас үшін алдын алатын әдістерді ұсынды.
"Етеккір келуі жеке бас гигиена ережелерін қатаң ұстануды талап етеді. Мысалы, дені сау, спортпен шұғылданатын, жақсы тамақтанатын қыз баланың етеккір циклі жақсы өтеді. Ана қызының өзгерісін байқаған сәттен бастап "аяқасты келгенде ұялып қалмасын" деп сөмкесіне керек затын салып қоюы керек. Сонымен қатар, қалай қолдану керегін де түсіндіруі қажет. Қызына етеккір кезінде ауыр жұмыстар жасауға, ауыр зат көтеруге болмайтынын, жыныс мүшесін таза ұстауы керегін түсіндіріп, одан талап ету қажет", - дейді ол.
Сондай-ақ, мектептегі ұстазы мен үйдегі әкесіне де құлаққағыс еткен жөн екен.
"Өзім қыз баланың анасы ретінде ұстаздарына хабарласып, "осындай жағдай. Көңіл күйі құбылмалы" деп, спортқа да қатыспауын талап ететін едім. Өйткені көп балада іштей комплекс пайда болады, кеше ғана асыр салып ойнап жүрген қыз "неге? неге маған келді?" деп көңіл күйі аумалы-төкпелі болады. Осындай кезде үйдегі адамдарға, тіпті әкесіне де "болмайды. Қазір мазасын алма. Көп сұрақ қойма. Білесің ғой неге екенін" деп ашық сөйлесетін едім. Сол сәтте қыздардың көңіл күйін бұзбауға тырысып, қамқорлығымызға алу қажет екенін түсінсек, осы сәтте жанынан табыла білсек, ананың бар махаббатының арқасында ауырмай, көңілді күйде тез өтіп кетуіне жағдай жасағанда, қыз балада да ешқандай қорқыныш болмайды. Аналарға бір кеңесім, қай жаста келсе де ұстаздарына айтып қойған абзал", - деді Ақмарал Орынбаева.
15-16 жастағы қызда етеккір келмесе...
Кейбір қыздарда етеккір кешігіп келеді. Психолог бұл орайда тез арада мамандарға тексерту керегін, бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.
"15-16 жастағы қызға етеккір келмесе, ана дабыл қағуы қажет. Сондықтан тез арада гинекологқа апарған дұрыс. Барлық тексерістен өткізіп, қандай дәрумендер жетпейтінін анықтау керек. Ұйқысы, тамағымен толық айналысуы керек. Кейбір жасөспірімдерде цикл дұрыс болмай жатады. Шаршап жүруі, ойының басқа жақта болуы да цикл өзгеруіне әсер етеді. Сондықтан ана баламен сөйлесе отырып, толық жетілуіне жағдай жасау керек. Қызыңыз болашақ ана екенін ұмытпау керек. Етеккір уақытылы келмеуі - өте қауіп дүние", - дейді маман.
"Қызды түсінетін тек ана"
Психологтың сөзінше, қызды ең бірінші ана ғана түсінеді.
"Етеккір кезінде әдетте ауырсыну болады. Мұндай кезде іш, бел ауырады, кейде ауруды басатын дәріге жүгінеді. Бұл жағдайда гинекологқа көрсету керек. Қалай ауыратынын тек ана түсінеді. Қамқорлығыңыз, махаббатыңыз көмектеседі. Қызды түсінетін тек ана. Өйткені барлық ана осыны бастан өзі де өткерді. Қыз бала өмірден өз орнын табуы үшін ең бірінші ананың қамқорлығы қажет. "Менде де болған, алаңдайтын ештеңе жоқ" деудің орнына үлкен сүйіспеншілік пен махаббатыңызды беріңіз. Өйткені ол тек сіздің қызыңыз, оның бақытты болуы ана ретінде сіздің үлкен еңбегіңіз екенін ұмытпағаныңыз абзал", - деп түйіндеді әңгімесін психолог Ақмарал Елубаевна.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова