Кім таңғалдырады? Күздің басты спорт додалары

Кім таңғалдырады? Күздің басты спорт додалары

Күзде қазақстандықтарды бірқатар спорт додалары күтіп тұр. Massaget.kz тілшісі маңыздыларын еске салады.

Жаңаша өтетін Дэвис кубогы

Қыркүйекте теннистен Дэвис кубогы бастау алады. Бұл жолы жаңа ережемен өтеді. Енді 16 команда төрт топқа бөлініп ойнайды. Қазақстан құрамасы D тобына түсті. Ойындарын 14-18 қыркүйек арасында Ұлыбританияның Глазго қаласында өткізеді. Онда Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Ұлыбритания мен Нидерланды құрамалары болады. 

Әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады. Ширек финалдан бастап шешуші матчтер қарашаның соңында Малагада өтеді. Дэвис кубогының биылғы иегері 27 қарашада анықталады.


©ҚТФ

Әлем күткен жекпе-жек

Ал барша қазақстандық күтіп жүрген спорт іс-шарасы 17 қыркүйекте болады. Қазақстандық Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет жұдырықтасады. Әрине, біз әдеттегідей бұл кездесуді жексенбіде, 18 қыркүйекте таңертең көреміз. 

Боксшылардың алғашқы кездесуінде тең есеп тіркеліп, сонда бүкіл әлем "төрешілер Головкиннің жеңісін ұрлап кетті" дескен еді. Ал екінші кездесуде Канело төрешілер шешімімен жеңген.


©Reuters

Енді үшінші жекпе-жекте боксшылар мексикалықтың екінші орта салмақта абсолют әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Бұл кездесу де Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді.

Қазақстандық футболшылар ерлік жасай ала ма?

Футболдан Қазақстан құрамасы биылғы Ұлттар лигасында өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Соның шешуші матчтері де жақындады. Қазақстандықтар 22 қыркүйекте өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдайды. Ал 25 қыркүйекте Әзербайжан футболшыларына қонаққа барады. 

Қазақстан құрамасы осы екі ойынның біреуінде жеңіске жетсе, 4-топта бірінші орын алып, В дивизионына көтеріледі. Сонымен бірге, С дивизионындағы басқа үш топтың жеңімпазымен Еуропа чемпионатына берілетін жолдаманы сарапқа салады. 


Фото: ҚФФ

Қазақстандық футболшылар биыл матчтерде жеңіліп көрмеген. Тек наурызда Молдовадан негізгі уақытта жеңілсе де, пенальти сериясында басым түскен еді.

Волейболшылар өз көрсеткішін жаңарта ала ма?

23 қыркүйек пен 15 қазан арасында Нидерланды мен Польша волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын қабылдайды. Төрт жыл сайын өтетін бұл әлемдік додаға Қазақстан құрамасы да қатысады. Әрине, қазақстандықтар - турнирдегі аутсайдерлердің бірі. 2018 жылы біздің құрама 5 кездесудің бәрінде де жеңіліп қалған.


Фото: asianvolleyball.net

Ал үздік нәтижесін 2014 жылы көрсеткен, онда 15-орын алған болатын. Биыл біздің волейболшы қыздар С тобына түсті, онда АҚШ, Сербия, Германия, Болгария және Канада құрамалары бар. Әр топтан үздік төрт команда келесі кезеңге жолдама алады. Қазақстан құрамасы алғашқы матчін 24 қыркүйекте АҚШ-қа қарсы өткізеді.

Тарихи әлем чемпионаты

Бұл әлем чемпионатының ерекшелігі көп. Бұл - футболдан араб елінде өтетін алғашқы, Азия құрлығында өтетін екінші әлем чемпионаты. Сонымен қатар, бұл - мамыр, маусым не шілдеде өтпейтін алғашқы әлем чемпионаты. Катарда жазда күн аптап болуына байланысты әлемдік дода күз соңына шегерілген еді. Енді әлем чемпионаты 20 қараша мен 18 желтоқсан арасында өтеді.

Одан бөлек, Катардағы дода 32 команда қатысатын соңғы әлем чемпионаты болады. Себебі 2026 жылғы біріншілікке 48 команда қатысады деп жоспарланып отыр.


©pervoe.online

Өкінішке қарай, Катардағы әлем чемпионатына Қазақстан футболшылары қатыспайды.

Айта кетейік, күзде бокстан әлем чемпиондары Жәнібек Әлімханұлы мен Данияр Елеусінов те рингке оралуы мүмкін. Бірақ олардың кездесуі туралы ресми ақпарат жоқ.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш