"Колонияларда да өнер көрсеткен". 90-жылдардағы танымал әншілер қазір қайда?

"Колонияларда да өнер көрсеткен". 90-жылдардағы танымал әншілер қазір қайда?

90-жылдары Интернет желісі болмаса да, сүйікті әншілерін теледидар арқылы тыңдап, концертпен келуін бірнеше жыл күтетінбіз. Сол жылдары қазақ музыкасы жаңа сатыға көтерілді. Мәселен, музыканың жаңа жанрлары пайда болып, әндер шетелдің хит тізімінде де тұрды. Massaget.kz тілшісі "сағындырған" әншілердің қазір қайда жүргеніне шолу жасады. 

"Балауса көктемді сағындым..."

Наурызға алғаш рет әнұран сыйлаған топ бүгінде ел алдында өнер көрсетіп жүр. Олардың "Наурыз", "Жаным", "Сәулем-ай" әндері 90-жылдан бүгінге дейін танымал. 

"Үркер" - қазақтың этно-поп стиліндегі тобы. Ол 1994 жылы Алматы қаласында құрылған. Топ құрамында Айдос Сағат, Рустам Мусин, Бейбарыс Жұманиязов, Дәурен Сыздықов, Нұрлан Сейілов, Нұрлан Албан болды. Қазір топта тек Айдос Сағат пен Рустам Мусин. 

Танымал композитор Базарбай Жұманиязовтың ұлы Бейбарыс Жұманиязов топтан 1993 жылы кетті, барабанда ойнаған Нұрлан Сейілов 2000 жылы топтан кетіп, қазір көлік бизнесімен айналысады.

Топтың құрылғанынан бастап гитарада ойнап, солисі болған Дәурен Сыздықов топтан 2000 жылы кеткенімен әншілікті тоқтатпады. Қазір ол Павел Юрасовпен бірге "ДипМиссия" тобында ән шырқайды. 

8 қыркүйекте Алматыда Айдос Сағат пен Рустам Мусиннің концерті өтеді. Бұл туралы топтың ресми Instagram-парақшасында жарияланды.  

Айдос Сағат - Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының мүшесі. 1996 жылдан бастап Құрманғазы атындағы консерваторияда сабақ береді. Радиода жұмыс істеген. Үйленген, балалары бар. Сондай-ақ, кей деректер бойынша, әнші йогамен де айналысады. 

2018 жылы "ҮРКЕР" тобы 25 жылдық мерейтойын Алматыдағы Республика сарайында үлкен концертпен атап өтті. 

"Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар..."

АБК тобы "Азия даусы" жобасынан кейін 1996 жылы құрылды. Алғаш әндері "Тамшылар" сол жылы хит әндер тізіміне кірді. Кейін топтың "Ботақаным", "Қайдасың", "Говори о любви мне", "Айсұлу", "Бiр тамшы жас" әндері жарыққа шықты. 

АБК тобының атауы Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болман, Ерлан Көкеевтің тегіндегі алғашқы әріптерінен құрылған. 3 жылдан кейін Ерлан Көкеев топтан шығып кетті. Ал Қыдырәлі Болманов Рахат Тұрлыханов, Қарақат Әбілдина, Ұлытау тобының продюсері болды. Ол тіпті философия ғылымдарының докторы атанып үлгерді. Сонымен қатар, 2019 жылы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалған. Бүгінде ол әнші Қарақат Әбілдинамен қазір төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. 

Ерлан Көкеев топтан кеткен соң, К-7 тобын құрды. Әнші әлі де музыкамен айналысады, кейбір музыкалық байқауларда қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысады. 

Медеу Арынбаев та әншілікті тастамады. Ол кейін бірнеше хит әнді жарыққа шығарды. Қазір ол Қазақстанда өз жеке концерттерін беріп жүр. Әншінің 30 маусымда Алматыда "В кругу моих друзей" концерті өтті.

"Лейла, Лейла, қалқам-ай..."

Нұрлан мен Мұрат Қожа дуеті 1996 жылы Атырауда құрылды. Топтың жетекшісі Нұрлан Әміров болды. 2000 жылы Мұрат Қожа топтан кететінін мәлімдеген болатын. Кейін ол Ұлықпан Жолдасов басқарған "Каспий тобының" мүшесі болды. 

2011 жылы "Алматы - алғашқы махаббатым" фестивалінде топ қайта біріккенін айтты. Бір қызығы, топ колонияларда да өнер көрсеткен.

Қазір Мұрат Қожаның 3 баласы бар. Ал Нұрлан Әміровтің бір баласы бар.

"Болады қашан біздің тамашамыз?"

1990 жылы құрылған "Нұр-Мұқасан" дуэті "Құдаша қыз", "Сезімді қайтем", "Қос қарлығаш" хит әндерімен көпшіліктің жүрегін жаулады. Дуэттің құрылуына "Бауыржан шоу" театры тікелей әсер еткен.

Дуэт қазақ эстрадасында 26 жыл бірге өнер көрсетіп, 2016 жылы тарап кетті. 

Былтыр Мұқасан Шахзадаев "Алматы әуендері" мекемесінің көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. 

Ал Нұрлан Қонысбаевтың былтыр "Оралмас жастығым жалындаған" әнін тыңдармандарына жолдады. 

"Кейіннен Нұрланды таппай қалдым. Үйленіп, отбасы пайда болғаннан кейін ондай болады", - деді Мұқасан Шахзадаев бір сұхбатында. 

"Сен мұнынды бер маған"

Болат Сыздықов пен Карина Абдуллина 1992 жылы Алматыда танысқан. Кейін топ 1995 жылы Musicola алғашқы "Девочка в платьице белом" әнін жарыққа шығарды. Ән бірден хиттердің тізіміне енді. 

Топ 24 жыл шығармашылық жолда жүзге жуық түпнұсқа ән жазып, 18 альбом шығарды. Бұл туралы топтың ресми парақшасында айтылған.

Болат Сыздықов "Арай" тобында, кейін "Алматы", "А Студио" топтарының мүшесі болды. 2013 жылы туған жері Қарағандыға ән арнады. 2016 жылы 7 мамырда Болат Сыздықов кенет қайтыс болды. Музыканттың өліміне қан тромбының ажырап кетуі себеп болды.

Карина Абдуллина тек әнші емес. Ол 2008 жылы кинода дебют жасады. Ол Сатыбалды Нарымбетовтың "Мұстафа Шоқай" тарихи фильмінде басты ролінде ойнады. Бір жылдан кейін "Арман қыз" өлеңдері жинақталған кітабын шығарды. 2014 жылғы шілдеде Карина Абдуллина Қазақстанның AirAstana әуекомпаниясының ресми дауысына айналды.

Қазір әнші жаңа әндерін шығарып, тыңдармандарын әлі де қуантып жүр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек