50 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген шенеунік 7 миллион теңге айыппұл арқалаған

Сот 11 сәуірде 50 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген Орал қаласының көші-қон полициясы бөлімінің басшысы Қанат Мұқановқа пара мөлшерін де төлеуді міндеттеді, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД". 

Айта кетейік, Қанат Мұқановты биыл 11 сәуірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері 50 мың теңге мөлшерінде пара алды деген күдікпен ұстаған болатын. Кейін басқарманың көші-қон қызметі бөлімінің басшысы қамауға алынғаны белгілі болды. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы "Пара алу" және ҚР Қылмыстық кодексінің 369-бабы "Қызметтік жалғандық жасау" бойынша сотқа берілді. Прокурор Орал көші-қон қызметі басқармасының басшысын 4,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бүгін судья Асқар Ысмайлов Қанат Мұқановқа үкім шығарды.

"Сот Қанат Мұқановты ҚР Қылмыстық кодексінің 366 және ҚР Қылмыстық кодексінің 369-баптары бойынша кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 8,7 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындасын деген үкім шығарды. Сондай-ақ, айыппұл түріндегі жазаға 11 сәуірден 5 қыркүйекке дейін күзетпен ұстау уақыты есептелсін (ұстаудың бір күні үшін айыппұлдан 4 АЕК шегеріледі) және айыппұл мөлшері 1,7 миллион теңгеге азайтылсын (яғни айыппұл сомасы - 7 миллион теңге). Үкім заңды күшіне енгенге дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатқа бұлтартпау шарасы өзгертілсін және Мұқанов дереу қамаудан босатылсын", - деді судья Ысмайлов.

Сотталушының айыппұл төлеу мерзімі - 1 ай. Үкім орындалмаған жағдайда, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Сондай-ақ, судья Мұқанов енді полиция подполковнигі атағынан айырылғанын айтып, оны мемлекет кірісіне алған 50 мың теңге мөлшерінде параны өтеуге міндеттеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!